МТРА жаңалықтары

Биыл ел полицейлері 12 тонна есірткі тәркіледі

 

Елде соңғы жылы кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, тонау, ұрлық, мал ұрлығы, сондай-ақ, бұрын сотталғандар тарапынан, мас күйінде және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар азайған.
Бұл туралы ел Президентіне ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Министрдің айтуынша, бопсалаумен, адам саудасымен, қару-жарақты, есірткіні заңсыз сатумен және басқа да қылмыстармен айналысқан 33 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Полицейлер соңғы 10 айда заңсыз айналымдағы 12 тоннаға жуық есірткі тәркілеген. Оның 212 келісі синтетикалық өнімге жатады. Сондай-ақ, елде 36 есірткі зертханасы мен 43 есірткі каналы жойылды. Наша жарнамалаған 1900 сайт бұғатталды. Сонымен қатар, кездесу барысында Марат Ахметжанов Президентке министрлікте нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы үш жылға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатқаны туралы баяндады.


Дана Ешкенова