МТРА жаңалықтары

Алаяқтар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстыратын болған

Ғаламторда тұрғындарды алдап, қаржыны қалтаға басу фактілері тыйылмай тұр. Ағымдағы жылдың соңғы 10 айында өңірде 650-ге жуық интернет-алаяқтық тіркелді. Бүгінде қылмыстың бұл түрімен күресу өзекті мәселелердің бірі дейді полиция қызметкерлері. Мамандар тұрғындарды айлакерлерден сақтану амалдарын түсіндіру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізуде.
Жақында Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде кезекті профилактикалық акция өтті. Тәртіп сақшылары еріктілермен бірлесіп жадынама қағаздарын таратты.

Бүгінде интернет-алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдерінің бірі – өздерін банк қызметкері ретінде таныстыру. Ал соңғы уақытта алаяқтар арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде де таныстыратын да болған.

Құмарбек Жоламан, СҚО ПД басқармасының аға жедел уәкілі
– Рахмет ойын-сауық кешенінде “Қамқор” еріктілер қорының мүшелерімен бірлесе отырып, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша іс-шара өткізілді. Бұл іс-шараның басты мақсаты интернет-алаяқтық қылмысын болдырмау және оның жолын кесу болып табылады. Бұл іс-шараның мақсатында еріктілер қорымен бірлесе отырып, парақшалар жаңағы көрнекі материалдар таратылды. Бұл интернет-алаяқтық қылмысының алдын алудың бір жолы болып табылады.

Сондай-ақ, мамандар тұрғындарға таныс емес сайттардың сілтемелеріне өтпеуге, белгісіз қосымшаларды жүктемеуге кеңес береді. Тағы кез келген қаржылық операция жасар алдында барлық ақпаратты мұқият тексеріп алу қажет.


Дана Ешкенова