МТРА жаңалықтары

56 мұғалім облыстық кезеңде сынға түсті

Кәсіби шеберлік байқау. Оқушылар сарайында дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауы өтті. Аудандық кезеңнен үздік болып танылған 56 мұғалім енді облыстық кезеңде бақ сынауда.

Конкурстың талабы бойынша әр маман өз жобаларын ортаға салуы керек. Шал ақын ауданынан келген Бибінұр Бексейітова тиімді кері байланыс деген идея ұсынды. Бастауыш сынып мұғалімі әр сабақтың соңында оқушылардың алған білімін бекітетін түрлі әдіс қолданады.

БИБІНҰР БЕКСЕЙІТОВА, Ступинка негізгі мектебінің мұғалімі, Шал ақын ауданы:
– Бұл тиімді кері байланыс – сабақтың соңында қолданылатын балалардың өз өйы. Мысалы, өзім ойлап тапқан қолшатыр әдісі. Ол жерде бала қолшатырды көрсету арқылы өзінің көңіл-күйін және бүгінгі сабаққа қаншалықты дәрежеде дайындалғанын көрсетеді. Егер бала өте жақсы дайындалса, онда қолшатырды жоғары қояды, ал егер де оқушы кішкене түсінбеген жағдай болса, онда қолшатыр сәл қисайып тұрады.

Бибінұр Бексейітованың айтуынша, мұндай тәсілдер өте көп. Әрқайсысы баланың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға және сол сабақта алған білімді бекітуге бағытталған. 14 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз бұл әдістерді бірнеше жыл бойы қолданып, жетілдіріп келген. Нәтижесінде қазіргі оқушылар сабаққа талпыныспен келеді дейді.

БИБІНҰР БЕКСЕЙІТОВА, Ступинка негізгі мектебінің мұғалімі, Шал ақын ауданы:
– Мен осы жобаға дайындалып жүргенде қыркүйек айына 15 күн, қазан айына 15 күн бақылау дәптерін жүргіздім. Басында ежелден қолданып келе жатқан тәсілдерді қолданып, балаларды байқадым. Ал кейін күнде жаңа тәсілдерді қолдана бастадым. Сонда балардың көздерінен от байқалады, мен сабаққа кіргенде балалар бүгін қандай қызықты нәрсе көрсетеді екен деп тұрады.

Ал Наталья Брыскина оқыту барысында творчестволық әдіс қолданады екен. Оның сабағында балалар театрландырылған қойылым қойып, қолөнермен айналысады. Бұл баланың сөйлеу қабілетін, моторикасын және шығармашылығын дамытуға септеседі дейді.

НАТАЛЬЯ БРЫСКИНА, Приишимка орта мектебі жанындағы шағын орталықтың тәрбиешісі, Шал ақын ауданы:
– Қойылым арқылы бала өзін еркін ұстауды үйренеді.
Қызығушылықтары бар. Бүлдіршіндер театр ғимаратын өз қолдарымен жасайды әрі актер ретінде ойнайды. Балада қиял көп қой, үнемі қызықты бірдеңе ойлап табады. Бүгін “Тұзды қамырдан жасалған театр” деген жобамды ұсынбақпын.

Педагогтар арасындағы бұл байқау «білім беру жүйесіндегі менеджмент», «шеберлік палитрасы» «шығармашыл толқын» сынды 7 бағыт бойынша өтіп жатыр.

ДУМАН ЗАКИРИН, СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:
–  Бұл фествальдің басты мақсаты – ұстаздардың өзін-өзі шығармашылық түрде жүзеге асыру, кәсіби өсуін ынталандыру мен бір-бірінің инновациялық тәжірибелерін зерделеу. Бұл фестивальда мұғалімнің жеке жобасы ғана қабылданады. Командалық қабылданбайды.

Бүгін үздік болып табылған 7 педагог республикалық кезеңге жолдама алады. Ол қаңтар айында өтеді деп жоспарлануда.


Самал Жунусова