Спорт

Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған кикбоксингтен ел кубогы бастау алды

Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайда. Мінекей, осыменен 6-шы жыл қатарынан Петропавлда белгілі спортшы Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған кикбоксингтен ел кубогы өз бастауын алды. Биылғы дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам спортшы жиылды.

Ортада – 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар. Соқыр жеребе павлодарлық Ерлан Ілиясов пен қарағандылық Нұрбек Қонысбекті жұптастырды. Ә дегеннен кикбоксшылар бір-бірін қыспаққа ала жөнелді. Кездесу барысында жігіттер аяқпен де, қолмен де соққы жұмсап, ұпай жинады. Салдарынан шаршы алаңдағы қос азаматтың мұрны қанады. Бірақ, бұл оларға тосқауыл болмады. Спортшылар қысымды одан сайын күшейтті. Бұл кездесу тағдырын төрешілер шешті. Мамандар бірауыздан жеңіске Ерлан Ілиясов лайықты деп тапты.

ЕРЛАН ІЛИЯСОВ, жарысқа қатысушы, Павлодар облысы:
– Кикбоксингпен 5 жыл бойы айналысып жүрмін. Осы турнирде спорт шебері нормативін орындағым келеді. Соған ниеттеніп келдім. Алдыңғы жылы маған бұл жарыстан қола бұйырды. Биыл сайысқа ағам дайындады. Алтыннан үміттімін.

Нұрбектің павлодарлық Ерланға кеткен есесін Руслан Арзутов қайтарды. Келесі кездесуде қос облыстың кезекті мықтылары тағы да күш сынасты. Бұл бәсеке де көпшіліктің көңілінен шықты. Тартысты жекпе-жекте Руслан Нұржол Тілеуберді есімді спортшыдан басым түсті.

РУСЛАН АРЗУТОВ, жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы:
– Бұл жарысқа 1 ай бойы тыңғылықты дайындалдым. Бірінші кездесуімді сәтті аяқтадым. Қарсыласымның шеберлігін атап өткім келеді. Қол-аяқпен де жақсы жұмыс жасайды. Жалпы, ересектер арасындағы ел кубогына бірінші рет қатысып тұрмын. Бұған дейін жастар арасында сынға түсіп жүрдім.

Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған турнир Петропавлда осыменен 6-шы жыл қатарынан өткізілуде. Дүбірлі доданы шаршы алаң шеберінің әкесі жылда немересімен бірге тамашалайды. Бауыр еті баласының ғұмыры қысқа болды. Бірақ, талай жетістікке жетті, қуаныштан әкесінің төбесін көкке жеткізді. Ерік Нұрпейісов чемпион ұлының жетістігімен мақтанады.

ЕРІК НҰРПЕЙІСОВ, Азамат Нұрпейісовтың әкесі:
– Азамат спортқа 12-13 жасында ден қойды. Талай секцияға қатысты. Күреске де қатысты. Соңында осы кикбоксингке келді.Біраз жетістікке жетті. Жас кетіп қалды, әрине. Әлі де талай жетістікке жетер еді. Жарқ ете түсті де сөнді.
Спортшыларға жеңіс тілеймін, әрине. Келешекте менің ұлымның жеткен жетістіктерінен де асуға жазсын.

Дүбірлі дода қарашаның 12-сіне дейін жалғасады. Яғни, сенбі күні турнирдің кіл мықтылары анықталады. Ол спортшылар желтоқсан айында Тайландта өтетін Азия чемпионатында бақ сынап, ел намысын қорғамақ.


Алдияр Айтпаев