МТРА жаңалықтары

Петропавлда Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі ашылады

Қазіргі таңда еліміздің қоғамдық-саяси өмі­ріне белсене араласып, мемлекеттік секторда және бизнес саласында іскерлігімен таны­лып жүрген нәзікжандылар жетерлік. Солтүстік Қазақстан облысында қыз-келіншектердің 64%-ы мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Олардың 44 пайызы – басшылық лауазымда. Расында да, бүгінгі әйелдердің саяси және экономикалық мәртебесін арттыру уақыт талабы болып саналады. Бұл мақсатқа жету жолында елімізде бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі – әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі.

 Гүлбақша Мұсабаева, СҚО әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының жетекшісі
– ҚР әйелдер күштері альянсы нәзікжандылардың саяси көшбасшылығын дамыту үшін мектеп ашып жатыр. Мектеп еліміздің барлық қалаларында жұмысын бастайын деп жатыр. Мектептің басты мақсаты – әйелдер арасында саяси көшбасшылық мінез қалыптастыру.

Бүгінде елде саясаттағы нәзікжандылардың санын арттыру – басты назарда. Облыстық әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының тағы бір жетекшісі Зәуре Қартованың сөзінше, әйелдердің саяси көшбасшылығы – қоғамда өзекті мәселе.

 Зәуре Қартова, СҚО әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының жетекшісі
– Әйелдердің саяси көшбасшылығы – қоғамда өзекті мәселелердің бірі. Саясатқа белсенді қатысамын деген нәзікжандылар міндетті түрде теориялық тұрғыдан білім алуы керек. Жаңағы мектептердің ашылуы – республикалық деңгейдегі әйелдер күштері альянсының бастамасы.

Жаңадан ашылғалы жатқан мектепке біздің облыста әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының жетекшісі Гүлбақша Мұсабаева жетекшілік етпек. Нәзікжанды қыркүйек айында елордада өткен «Томирис» саяси тренингіне қатысып, әлемнің ең мықты саясаткер әйелдерімен тәжірибе алмасты.

 Гүлбақша Мұсабаева, СҚО әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының жетекшісі
– Мектептің жоспары бойынша әйелдерді екі деңгейде дайындаймыз. 1-шісі – стандарт пакет. 10 сағаттан тұрады. Екінші сатыда – кәсіптілік. Ережеге сәйкес бұл сатыдағы әйелдердің міндетті түрде жоғары білімі болуы тиіс.

Тренинг соңында түлектерге «Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі» курсын сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар табыс етілді.


Дана Ешкенова