МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданында 13 мыңнан астам сайлаушы дауыс береді

Өңірде 20-қараша – Мемлекет басшысы таңдалатын күнге қызу дайындық жүріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қаладағы сайлау учаскелерін аралап жүргенін кеше жазған едік. Бақылаудан Мамлют ауданындағы бөлімшелер де шет қалмады. Бұл жақта жалпы 13 068 адам өз таңдауын жасамақ. Барлығы – 31 учаске құрылды. Оның төртеуі Мамлюткада, қалғаны ауылдарға жайғастырылған.

НИКОЛАЙ СТАДНИК, №325 сайлау учаскесінің төрағасы, Мамлютка қаласы:
– Біздің учаскеде 1069 сайлаушы бар. Комиссия мүшелері бекітілген көшелері бойынша тұрғындарға шақырту қағаздарын таратып шықты. Барлығы жоспарлағанымыздай өтеді деген ниеттеміз. Биыл 3 адам алғаш рет дауыс бермек. Сәйкесінше, оларға арнап сыйлық дайындап қойдық. Ал, бөлімшеге келе алмайтын қарт және мүгедектігі бар адамдардың үйлеріне барып, таңдауларын жасауға мүмкіндік береміз.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы №325 учаскесінің маңызды күнге дайындығын тексерді. Жасалған мүмкіндіктермен танысты және бақылаушылармен тілдесіп, сайлаушыларды қалай қарсы алатындарын сұрады. Мәдениет үйіндегі учаскеде барлығы орнымен қойылғаны айтылды. Таңдау жасалатын күнге дайын деуге болады.


НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Наша задача – провести эти выборы в строгом соответствии с конституционным законом о выборах. И провести эти выборы прозрачно, открыто.

Ал Воскресеновка ауылындағы №333 учаскесінің түзейтін тұстары бар. Сайлау жәшігі бақылаушылардан алыс орналасқан. Нұрлан Әбдіров мәдениет үйінің іші салқын әрі дәретханасының жоқтығы – сайлаушыларға ыңғайсыз болатынын айтты. Жалпы, бұл жақта 612 адам дауыс береді.


Алтынай Казиканова