МТРА жаңалықтары

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ 612 мың теңге айыппұл арқалады

 

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің жергілікті департаменті соңғы 10 айды қорытындылады. Аталған ведомство өкілдері осы аралықта жарық және жылу таратушы өндіріс ошақтарында жоспардан тыс 7 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 10 тармақтан тұратын 3 ұйғарым берілген. Сондай-ақ, 3 әкімшілік іс қозғалған.

Николай Борзилов, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы
– Бірінші іс «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ына қатысты қозғалды. Аталған компания өкілдері сонда болған технологиялық бұзушылық жайында бізге уақытында хабарлаған жоқ. Жедел хабарламаны уақытылы ұсынбау фактісі бойынша «СЕВКАЗЭНЕРГО» әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 612 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Айыппұл толығымен өндіріліп алынды. Сондай-ақ, 32 профилактикалық бақылау жүргізіліп, бұзушылықтарды жою туралы 10 ұйғарым берілді. Ұйғарымдар жыл соңына дейін орындалуы тиіс.

Ал «ЗИКСТО» АҚ-ына 459 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Кәсіпорын иондаушы сәуле шығаратын аспаптар мен қондырғыларды лицензиясыз қолданған. Әкімшілік жауапкершілікке «Мелиоратор» серіктестігі де тартылыпты. Компания бейінді кәсіпорынның рұқсатынсыз электр желілерін
жөндеумен айналысқан. Талапты бұзған серіктестікке 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 153 150 теңге мемлекет кірісіне толығымен өндірілді.

Николай Борзилов, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы
– Сондай-ақ, департамент жалпы – 153 профилактикалық бақылау жүргізді. Нәтижесінде 95 ұсыныс берілді. Әзірге, 50-ге жуық ұсыныс орындалды. Қалғандары жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс.

10 ай ішінде энергетикалық қадағалау саласының мамандарына тұрғындардан 56 өтініш келіп түскен. Ведомство өкілдері өтініштердің барлығын белгіленген мерзімде қарастырып, сұрақтардың жауабын берген.


Дана Ешкенова