МТРА жаңалықтары

Петропавлда жастар ұйымдарының форумы өтті

 

Өңірде волонтерлікті дамыту, жастарды қолдау және жұмысқа орналастыру. Бүгін аталған мәселелер жастар ұйымдарының форумында талқыланды. Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов
елдің жарқын болашағы – жан-жақты білімді, ұшқыр ойлы талантты жастар екенін атап өтті.

Кемел Оспанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы
– Барлық кезеңде жастар – тарихи өзгерістердің қозғаушы күші. Елімізде жас ұрпаққа ерекше үміт артылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар: терең білім, еңбеқорлық пен отаншылдық қасиет. Ел болашағы – білімді жастардың қолында.

Жастардың дамуына жол ашып, өмірден, қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беріп, барынша жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 16 жыл бұрын бекітілген Қазақстанның жастар саясаты туралы заңына түзетулер енгізілуде. Жаңа нормалар жас ұрпақты жан-жақты қолдауға бағытталған. Артылған сенімді жастар да ақтауға тырысуда. Бүгін форум барысында өңірдің қоғамдық өміріне белсенді ат салысып жүрген азаматтар марапатталды.

Ерекше көзге түскен белсенділер арасында Жадыра Жолкенова да бар. Нәзікжанды Тимирязев ауданының жастар ресурстық орталығына жетекшілік етеді.

Жадыра Жолкенова, Тимирязев аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы
– Орталықта 2 жыл көлемінде жұмыс істеймін. Осы аралықта жастармен бірлесіп атқарған жұмысымыз өте көп. Басты міндетіміз – жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету. Тимирязев ауданында 70-ке жуық волонтер бар.

Жастар ұйымдарының форумы барысында барлығы 27 жас белсенді марапатталды.


Дана Ешкенова