МТРА жаңалықтары

2-ЖЭО-да жөндеу жұмыстарымен айналысқан жігіт қаза тапты

 

Петропавлдағы 2-ЖЭО-да жөндеу жұмыстарымен айналысқан қызылордалық қаза тапты. Оқиға қарашаның 5-і күні болған. “Строй центр Арсенал” серіктестігінің бригадасы түтін соратын бөлімнің шатырын ауыстырып жатқан. Шаруадан жұмысшылардың бірі қол үзіп, алаңнан алыстап, темір құрылыс материалдары үйілген жерге барған. Осы сәтте ауыр заттар өздігінен сырғып кетеді. Астында қалған 22 жастағы жігіт жедел жәрдем көлігімен 3-ші қалалық ауруханаға жеткізіледі. Бірақ, дәрігерлер қызылордалықтың өміріне араша түсе алмады. Жап-жас жігіт қарашаның 7-сі күні алған ауыр жарақаттан көз жұмды.

ВСЕВОЛОД СЫСОЛЯТИН, “Строй центр Арсенал” ЖШС директоры:
– Құрылыс материалдары сыртта көлденең бір-бірінің үстіне жерден 1,5 метр биіктікте үйіліп тұрған. Ауыр заттардың жылжып кетуіне ауа райының құбылмалылығы әсер еткен көрінеді. Таңертең жауған қардың түсте еруінен темір бұйымдар да жылжып кетуі мүмкін. Жан тапсырған азамат біздің серіктестікте бір ай жұмыс істеді. Жақындарына материалдық көмек көрсетілді. Марқұмның денесін туған жеріне жеткізу шығынын серіктестік өз мойнына алып отыр.

Марқұмның денесі туған жеріне жөнелтілді. Орын алған қайғылы оқиға жайлы “Строй центр Арсенал” серіктестігінің басшылығы Еңбек инспекциясына хабарлаған. Мамандар жазатайым жағдайдан хабардар.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– ҚР Еңбек Кодексінің 180-бабына сәйкес “Еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан, еңбек міндеттерін орындауға байланысты жұмыскерлер, жіберуші тараптың жұмыскерлері денсаулығының зақымдануы сияқты жағдайлар тергеуге жатады. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың жасалуына байланысты бұл адамдардың арасындағы қатынас еңбек қатынасы болып табылмайды. Сондықтан, ҚР еңбек заңнамасымен емес, азаматтық кодекспен реттеледі. Бұл жазатайым оқиға ҚР Еңбек кодексінде көзделген арнайы тергеуге жатпайды.

Бұл – 2-ЖЭО-да биыл орын алған адам өліміне қатысты 3-ші жағдай. Оның біреуінде жұмыс беруші кінәлі деп танылды. Қазіргі таңда барлық материалдар ішкі істер органдарында қаралуда.


Алдияр Айтпаев