МТРА жаңалықтары

Жасыл экономикаға қадам

 

1 тонна қағаз жасау үшін 24 ағаш керек. Яғни, жыл сайын өндірісте ондаған миллион дарақ пайдаланылады. Бірақ, бар екен деп шикізатты бей-берекет пайдалана беруге болмайды. Шыққан өнімді үнемді жарату қажет. Бұл бағытта облыстық фтизиопульмонология орталығының ұжымы тың жоба әзірлеген. Соңғы 4 жылда мекеме 7 тоннадан астам қағазды қайта өңдеуге жөнелтіпті. Сондай-ақ, арнайы орынға 5 тоннадан астам картон мен 2 тоннаға жуық шыны өткізген.

РАИСА ҚҰСАИНОВА, облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары:
–  Іс жүргізу барысында экологиялық таза қағаз қолданамыз.
Бір мәтінді басып шығаруда қағаздың екінші бетін де кәдеге жаратамыз.
Қалған-құтқанын арнайы контейнерге жинап барып, жергілікті жерде жасалған келісім шарт аясында қайта өңдеуге жөнелтеміз. Қолданысқа жарамды пластмасса-шыныны арнайы ұйымдарға өткізіп, түскен аз-маз қаражатты мекеменің керек-жарағына жұмсаймыз.

Емдеу мекемесінде жылуға да үнеммен қарайды. Жылу шығындалмас үшін терезелерін жан-жағынан арнайы материалмен қымтаған.
Әр бөлімшеде суды тазарту жүйесі орнатылған. Мамандардың айтуынша бұл суды үнемдеуге септескен. Оған қоса орталық қызметкерлері аумақты тазалаумен, абаттандырумен және көгалдандырумен айналысады. Мекеме маңайында жас мамандар аллеясы бар. Жыл сайын жастар ағаш отырғызып, жасыл желек қатарын молайтуға өз үлестерін қосады.

ҚАНЫШ БИЖАНОВ, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры:
–  Қайта өңдеуге арналған бокстарды орнату, қыздыру шамдарын жарықдиодты және люминесцентті шамдарға ауыстыру арқылы энергия шығынын азайту, экология және қоршаған ортаға ұқыпты қарау саласында корпоративтік оқыту, сенбіліктерді ұйымдастыру, ағаш отырғызу мен аурухана аумағын абаттандыру көзделген.

Осы атқарып жүрген жұмыстарын фтизиопульмонология орталығының ұжымы «Жасыл кеңсе» республикалық байқауында паш етті.
Нәтижесінде «Үздік жасыл кеңсе – денсаулық сақтау саласында» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бизнес пен әлеуметтік және спорттық салалардағы мемлекеттік мекемелерге жасыл экономиканы енгізіп, экологиялық жауапкершілікті арттыруды мақсат еткен жоба 4-ші жыл қатарынан өткізілуде.

ҚАНЫШ БИЖАНОВ, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры:
– Жалпы, 2018 жылдан бастап істеп келе жатқан шаруаларымызды көрсетейік деп осы байқауға қатыстық. Оған қоса жарықты үнемдейтін лампалардың 70 пайызын ауыстырдық. Қазіргі уақытта 10 пайызға үнемдеу жүріп жатыр.

«Жасыл кеңсе» республикалық байқауына өңірімізден облыстық фтизиопульмонология орталығы ғана қатысты. Жалпы, еліміздің барлық қалаларынан 100-ге тарта ұйым 10 номинация бойынша бақ сынады. Болашақта жоба ұйымдастырушылары жеңімпаздар үшін тренингтер өткізбек.


Самал Жунусова