МТРА жаңалықтары

Үздік өнім

 

Қарашаның 2-сі мен 4-і аралығында ару қала Алматыда “Foodexpo Qazaqstan 2022” байқауы өтті. Тамақ өнімдерін және сусындарды кәсіби дәм тату конкурсында 22 номинация бойынша үздіктер анықталды. Бұл сайыста өңір намысын “EMC Agro” кәсіпорны абыроймен қорғады. “Lecker” маркасымен өнім шығаратын өндіріс ошағына бас жүлде бұйырды. Мына видео оңтүстік астанада түсірілген. Халық теріскейде жасалған тауардың дәмін жаппай татып жатыр. Бұл – жоғары сапаның белгісі.

РАИСА ӘМІРҒАЗИНА, дүкен әкімшісі
–  Біздің комбинатымыз Тайынша қаласында орналасқан. Ол жерде 300-ге жуық аталым бойынша табиғи таза өнім өндіріледі. Оның 200-ден астамы – шұжық. Әрдайым сапаға жұмыс істейміз. Мұны байқау барысында қазылар да, клиенттер де аңғарды деп ойлаймыз. Бас жүлде жайдан-жай бұйырмасы түсінікті.

“EMC Agro” кәсіпорны өңірімізде аса танымалдылыққа ие. Қазір ет комбинатының Петропавлда, Тайынша мен Бескөлде дүкендері бар. Іргедегі Көкшетау қаласында да сату нүктесі жұмыс істеп тұр. Облыс орталығындағы сауда орнына күніне орта есеппен 300 адам келеді. Клиенттерге сапалы қызмет көрсетіледі. Тазалық та басты назарда. Жұртшылық назарындағы өнімдердің барлығы арнайы сөреде оралған қалыпта тұр.

БЛИЦ:
–  Өзім кезінде ет комбинатында еңбек еттім. Ондағы қиын жұмысты жақсы білемін. Соған қарамастан Тайыншада тамаша тауар шығарылады. Өзім ылғи осында келіп, ет өнімдері мен шұжық сатып аламын. Өнімге көңілім толады.
– Мұнда ылғи балғын ет сатылады. Сол себепті, кей кезде кезекте тұрып қаламыз. Үйіміздің жанынан осындай дүкен ашылғанына қатты қуаныштымыз. Қазір үйге барып, сатып алған еттен тамақ істемекпін.

Жұртшылықтың жоғары бағасын алған кәсіпорын алдағы айда Петропавлда тағы бір дүккеннің таспасын қимақ. Онда да “Lecker” маркалы ет өнімдері мен шұжық саудаланатын болады.

РАИСА ӘМІРҒАЗИНА, дүкен әкімшісі
– Петропавлда өткен жылы ашылған дүкеніміздің қатарына тағы біреуі қосылмақ. Қазір арнайы нысан әзірленіп жатыр. Оны желтоқсанның бірінші жұлдызында ашуды жоспарлап отырмыз. Келушілерді күтеміз!

Жоспар бойынша Петропавлда “Lecker” атауы берілген келесі дүкен 20-шы ықшам ауданда орналасады.


Байболат Култанов