МТРА жаңалықтары

Ақжар ауданында жол жөндеуге биыл 2,9 млрд теңге бөлінді

 

 

Ақжар ауданында жол мәселесі өзекті. Жыл сайын мұнда жолды қалыпқа келтіру үшін қыруар қаражат бағытталады. Нәтижесінде талай жыл бойы тұрғындардың берекесін қашырып келген жол мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Ауданда 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген учаскелер қалыпқа келтіріліп жатыр.

Арыстан Әбілмәжінов, Ақжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы
– Ағымдағы жылы облыстық, аудандық және ауылішілік жолдар қалыпқа келтірілуде. Бүгінге дейін облыстық маңызы бар аралықтың 12 шақырымы жөндеу көрді. Ал аудандық маңыздағы 11 шақырымды қалыпқа келтіру үшін 324 млн теңге қаржы жұмсалды.

Дәл қазір біз аудандық маңыздағы учаске болып саналатын Бостандық пен Киевское ауылдары арасындағы жолда тұрмыз. Бұл трасса 4 бірдей ауылды байланыстырады. Бүгінге дейін ұзындығы 57 шақырымды құрайтын жолдың 7,5 шақырымы жөнделген. Бұл шаруаға биыл 300 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

 Арыстан Әбілмәжінов, Ақжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы
– Қалған 49 жарымын келесі жылы қалыпқа келтіру жоспарлануда. Бұл мақсатқа 1,7 млрд теңге бағытталады. Жалпы, аталған трассаны жөндеуге 3 жыл уақыт берілген. Мамандар кестеге сәйкес жұмыс істеуде.

Ақжар ауданындағы жол атаулыны жөндеуге республикалық бюджеттен биыл 2,9 млрд теңге бөлінген. Бұл қомақты қаржыға 6 бірдей елді мекеннің ауылішілік жолдары да қалыпқа келтірілуде. Олар: Талшық, Дәуіт, Ұялы, Ленинградское, Киевское мен Горьковское ауылдары. 700-ге жуық тұрғыны бар Дәуітте 10 шақырымға көшеге орташа жөндеу жүргізіліпті.

 Асан Маймақов, Ленинград ауылдық округінің әкімі, Ақжар ауданы
– Елді мекенде биыл орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық көшелер қамтылды. Ауылда 14 көше бар. Көптен бері жөнделмеген жолдың қалыпқа келгеніне тұрғындар риза болуда.

Биыл Кіші қараой ауылының 10 бірдей көшесіне де асфальт төселген.

Асхат Сәрсенбаев, Кіші қараой ауылдық округінің әкімі, Ақжар ауданы
– Биыл Кіші қараой ауылының жолын жөндеуге 150 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні 10 көшеге асфальт төселді. Бүгінде барлық жұмыстар аяқталды. Ауылда жалпы 12 көше бар. Жолдың ұзындығы 5 шақырым 300 метр құрайды.

Биыл Ақжар ауданында біраз шаруаның басы қайырылды. Жоспардағы 100 шақырым жолдың 60 шақырымы қалыпқа келтірілген.


Дана Ешкенова