МТРА жаңалықтары

Болашақ мемлекеттік қызметшілер тәжірибе жинамақ

Құсни Көшерова – Қозыбаев университетінің болашақ түлегі. Енді 7 айдан кейін бұрымды “Қаржы” мамандығын тәмамдап, қолына дипломын алмақ. Үлкен өмірге үлкен қадам басатын жерлесіміздің талабы таудай, арманы да асқақ. Ол өз өмірін мемлекеттік қызмет саласымен байланыстыруды жөн көріп отыр. Тәжірибе жинауды студент қазірден бастап кеткен. Жақында нәзікжанды “Мемлекеттік қызметшінің мектебі” жобасына жазылыпты. Бүгін сол жобаның кезекті маусымының ашылуында Құсни алғашқы дәрісін алды.

ҚҰСНИ КӨШЕРОВА, Қозыбаев университетінің студенті:
–  Мемлекеттік қызметте жұмыс жасау – менің ойымша, мәртебе. Себебі, бұл саладағы мамандар халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында көптеген мәселелерді шеше алады. Сол себепті, мен осы салада жұмыс жасағым келеді. Менің ойымша, мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын адамның бойында шыдамдылық, табандылық сынды қасиеттер болуы тиіс. Сонымен қатар, іскерлік қасиеттерге ие болуы қажет.

“Мемлекеттік қызметшінің мектебі” жобасының 8-ші маусымына барлығы 23 жас қатысуда. Болашақ мамандар екі ай бойы тәжірибелі мамандардан дәріс алады. Студенттер көпшілік алдында өздерін ұстауды, БАҚ-пен жұмыс істеуді және заңды үйренетін болады. Кейіннен өздері қалаған мемлекеттік мекемеге барып білімдерін толықтырады. Өздерін жақсы қырынан көрсеткен жандар екі қолға бір күрек те таба алады. Жалпы, қазіргі таңда өңірде мемлекеттік қызметшілер жетіспеушілігі бар екен.

ГҮЛНӘР ЖУСАЛИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:
– Биылғы жылы бізде 401 байқау өткізіліп, 401 адам жұмысқа орналасты. Олардың 15%-ы – жастар.
2-00 Бүгінгі күні тағы 100-ге жуық бос орын бар. Бұл мамандар үшін барлық жағдай жасалған. “Дипломмен ауылға” деген бағдарлама арқылы қызметкерлер кредит және үй алуға түрлі жәрдемақылар ала алады.

Мемлекеттік қызметке кадр тарту үшін Парламент те жаңа жобаны қарастыруда. Алдағы уақытта жоғары оқу орындарын жақсы деген бағамен аяқтаған студенттер ауылдық жерге конкурссыз, мемлекеттік қызметке жұмысқа орналаса алады.


Алдияр Айтпаев