Денсаулық сақтау

СҚО-да 1 айда 80-нен астам адам тұмау жұқтырған

 

Өңірде эпидемиялық маусым басталғалы, яғни, қазан айынан бастап өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияға 6 мың 200-ден астам адам шалдыққан.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
– Биылғы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 пайызға төмен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 6 мың 400-ден астам науқас анықталған болатын. Биыл жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандардың 70 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Дене температурасының 40-қа дейін көтерілуі, әлсіздік пен құрғақ жөтел. Бұның барлығы – тұмаудың алғашқы белгілері. Мұндай жағдайда өздігінен емделемін деп уақыт жоғалтпай, бірден дәрігерге жүгіну қажет.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
– Ағымдағы жылдың қазан айынан бері облыста тұмау жұқтыру жағдайлары тіркеле бастады. Бүгінде өңірде В типті тұмауды 82 адам жұқтырған. Науқастардың ішінде 3 жүкті әйел бар. Сондай-ақ, 14 жасқа дейінгі 30 бала тұмау жұқтырған. Қазіргі таңда вирустық инфекциялардың алдын алудың бірден бір жолы – вакцинация. Облыс аумағында өткен айдан бері тұмауға қарсы екпе егу науқаны жүріп жатыр.

“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, бүгінгі таңда 56 мыңнан астам теріскейлік тұмауға қарсы екпе қойдырған. Оның 4 мыңнан астамы мектеп оқушылары болса, 8 мыңнан астамы – медицина қызметкері. Сонымен қатар, 500-ге жуық жүкті әйел де вакцина қойдырыпты. Барлығы – 75 мың адамды немесе облыс халқының 13,7% -ын вакциналау жоспарланған. Айта кетейік, А типті және В типті тұмаудан қорғану мақсатында қолданылатын екпе – ресейлік үш валентті «Гриппол плюс» вакцинасы.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 – Тұмауға қарсы вакцина салдырудан бөлек, қарапайым сақтық шараларын ұстану қажет. Бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты ұстану, адам көп жиналатын жерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау.

Қолды сабынмен жиі жуу керек дейді мамандар. Өйткені, тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, тұрмыстық заттар арқылы да таралады.


Дана Ешкенова