МТРА жаңалықтары

Келер жылы Мамлют ауданында тауарлы-сүт фермасы ашылады

 

Бұл – Мамлют ауданындағы Калугино ауылы. Елді мекенге жақын жерде тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Ауқымды жобаға 2,3 млрд теңге қаржы құйылған. Оның 500 млн-нын мал алуға “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы беріп отыр. Қалған қаражатты “Әйтеке би-СК” серіктестігінің басшылығы өз қалтасынан шығарған.

АСҚАР МӘДИЕВ, “Әйтеке би-СК” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
–  Германиядан симментал тұқымды 612 ірі қара әкелінді. Жоба бойынша кешеніміз 600 басқа шақталған. Дегенмен, корпорация бөлген 500 млн теңгеге 612 тұяқты келді. Қазіргі таңда Зеңгі баба төлі карантиннен өтті.

Калугино ауылындағы ауқымды іспен облыс әкімі Құмар Ақсақалов та танысты. Өңір жетекшісі салынып жатқан ферма нысандарының әрбіреуіне бас сұғып, өндіріс ошағының болашағын бағамдады. Келер жылы іске қосылатын жаңа ферманың жұмысшыларымен де тілдесті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Асқар Мәдиев Петерфельдтегі тауарлы-сүт фермасының жұмысшылары үшін үй салып беріп жатыр. Биыл барлық тиісті жағдайлары жасалған 18 баспана тұрғызды. Бұл жұмыстарды осы жерде де жалғастыру керек. Жалпы, әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жақын маңдағы өз ауылдарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында жұмыс істеуі қажет.

Калугино ауылы маңында тауарлы-сүт фермасы салынады дегенді естіген Наталья Бентя қатты қуаныпты. Себебі, нәзікжанды декреттік демалысынан кейін екі қолға бір күрек таппай жүрген екен. Ал қазір ол “Әйтеке би-СК” серіктестігінің сауыншысы болып жұмысқа орналасқан. Шаруаға жерлесіміз кешен іске қосылғаннан кейін білек сыбана кіріспек.

НАТАЛЬЯ БЕНТЯ, Калугино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
–  Өзім 35 жыл бойы осы Калугино ауылында тұрамын. Ауылымыздың маңында тауарлы-сүт фермасы салынады дегенді естіп, бірден серіктестік басшылығымен сөйлестім. Петерфельдтегі кешенге барып, жұмыспен таныстым, сондағы сауыншылармен сөйлестім. Бәрі көңілімнен шықты. Жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Ең бастысы, ауылымыз ақсап қалмайтынына ризамын.

Нысан құрылысында отандық материалдар қолданылуда. Сырттан келген дүние жоқ. Тауарлы-сүт ферма іске қосылған кезде бір сиырдан 15-18 литр сүт алу жоспарланып отыр екен. Сонда тәулігіне 12-15 тонна ақ жергілікті кәсіпорындарға жеткізілмек. Калугинодан кейін облыс әкімі аудан орталығы Мамлюткаға ат басын бұрды. Қазір мұнда ДСП және ламинатталған ДСП жасайтын зауыт салынып жатыр. Жоба құны 1,5 млрд теңге.

НҰРМҰРАТ МУРЗАРАПҰЛЫ, “Сапа Инвест Плюс” ЖШС директоры:
– Керекті жабдықтар жеткізілді. Шикізаттың біраз бөлігін де әкеліп қойдым. Күзде 2-ші нысанды тұрғызып қойсам, келесі жылы тауар шығара бастаймын. Негізгі шикізатты, яғни, ағашты жеткізу бойынша еш қиындық болмайды. Маған 30 мың текше метр қалдық ағаштар керек.

Серіктестік басшысы шикізат жеткізуде де, кадр жөнінде де қиындық көрмейміз деп отыр. Зауытта тер төгуге 40 жұмысшы тартылмақ.

НҰРМҰРАТ МУРЗАРАПҰЛЫ, “Сапа Инвест Плюс” ЖШС директоры:
– Алматы, Астана, Павлодарда мамандарым бар. Әзірге, цех болмағаннан кейін оларды шақырмадым. Әлі де жұмысшылар керек. Келген қызметкерлерді өзіміз үйретеміз. Тәжірибе жинақтау үшін шет елге жіберуге де әзірміз. 44 Орташа жалақы 150-160 мыңнан жоғары болады.

ДСП материалы экспортты былай алғанда, ел нарығында зор сұранысқа ие. Бұл туралы Құмар Ақсақалов атап өтті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ: Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жылына 1 млн текше метрден аса ДСП импортталады. Біздің қаламыздағы зауыттардыкі – 50 мың текше метр. Бұл жерден 30 мың куб деп есептеп отырмыз. Сондықтан, әлі біраз зауыт ашуға болатын еді. Ішкі нарықта көп қажет ететін өнім.

Мамлюттағы қаңырап бос қалған машина жасау зауытына да алдағы уақытта қан жүгірмек. Мұнда әйнектен жасалған өнімдерді өндіру жоспарланып отыр. Қазірігі таңда құны 4 млрд теңгеден асатын жобаның құжаттамалары әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2023-те басталып, келер жылдың соңында аяқталуы тиіс. 300 адам жұмыспен қамтылады. Биыл Белое аулыында да ауқымды шаруа атқарылуда. Қазір ағайынның үйіне таза ауыз су кіргізу жұмыстары жүріп жатыр.

Ауылдағы ағайынға арнайы бригада қызмет көрсетуде. Мамандар құдықтан үйге дейін желі өткізіп беріп жатыр, бірақ бағасы төбе шашты тік тұрғызады. Бір метрі үшін азаматтар 3 немесе 5 мыңнан төлеуде, яғни, бір баспанаға су тарту үшін 200-240 мың теңге қаражат қажет. Бұл бағытта жерлестеріне жергілікті қожалық иелері көмектесулері қажет. Мұны Құмар Ақсақалов Белоеда өткен тұрғындармен кездесу барысында айтты. Іскер азаматтар өңір жетекшісінің сөзіне құлақ асып, тұрғындарға жәрдем беретінінін айтты. Жиналған көпшіліктің тағы бір базынасы бар. Ағайын ауылда демалыс орнының болғанын қалайды. Ол үшін елді мекенде мекеме де бар. Бірақ, оны қалыпқа келтіріп, жөндеу қажет.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ: Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Жұмысты биыл бастау керек. Келер жылы ауылда демалыс орны жұмыс істеп тұруы қажет. Мекеме тұрғындардың игілігі үшін күнделікті жұмыс істеуі тиіс.

Облыс әкімінің бұл сөзін тұрғындар қос қолдап қолдады.


Алдияр Айтпаев