МТРА жаңалықтары

Әділет министрі солтүстікқазақстандықтармен кездесті

 

ҚР Әділет министрі облысымызға жұмыс сапары барысында солтүстікқазақстандықтармен кездесті. Қанат Мусин халықпен тілдеспес бұрын заңға енгізілген өзгерістер мен орын алған жаңашылдықтар жайлы баяндады.

ҚАНАТ МУСИН, ҚР Әділет министрі:
– / Қазақстандықтар Конституциялық соттың құрылуын ұзақ уақыт күтті. Кеше осы туралы заң қабылданды. Енді жақын арада Мемлекет басшысы құжатқа қол қояды деп ойлаймыз. Одан кейін 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Соттың бұл түрінің негізгі мақсаты – Ата заңымызға сәйкес кез келген деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілерді тексеру.

Кезек сұрақ-жауапқа да келіп жетті. Қанат Мусинның айтуынша, министрлікке теріскейліктер негізінен адвокаттар мен заң орындаушылардың жұмысы бойынша шағымданады. Бүгінгі кездесуде қазіргі өзекті мәселелердің бірі – алименттен жалтару проблемасы талқыланды. Жыл басынан бері 95 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. 375 адамға Қазақстаннан шығуға уақытша тыйым салынды.

ҚАНАТ МУСИН, ҚР Әділет министрі:
– Борышкерлердің кейбірі жауапкершіліктен жалтарып, мүлкін жасырады. Осыған байланысты өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша борышкерлердің 70-тен астамы екі қолға бір күрек тапты.

Петропавлдық Әйгерім Әділованың алимент ала алмай жүргеніне 1 жыл болған.

ӘЙГЕРІМ ӘДІЛОВА, қала тұрғыны:
Жолдасыммен ажырасар кезде бала күтіміне қажетті ақшаны аударып отырасың деп келіскен едік. 1 жыл өтті. Маған көк тиын да жіберген жоқ. Осы ретте сұрайын дегенім: мен сот арқылы алимент алу үшін адвокаттан тегін көмек ала аламын ба? Соны білгім келеді.


ҚАНАТ МУСИН, ҚР Әділет министрі:
–  Поскольку вам требуется помощь именно в алиментных вопросах, то вы право на бесплатную юридическую помощь имеете. Можете обратиться к адвокатам или к юридическим консультантам, которые вам такую помощь окажут.

Айта кетейік, берешекті қоғамдық орындарда тұрған терминалдар, пошта және банктің мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. Ал тігінші Зарина Мавляни тауар белгісін құқықтық қорғау бойынша сұрақ қойды.

ЗАРИНА МАВЛЯНИ, кәсіпкер:
– Мен өзімнің тауарымды Қазақстан бойынша сатамын. Сәйкесінше, менің атыммен тауар белгісі тіркелген. Енді заттарымызды шетелге шығарып сатуды ойға алып отырмыз. Тауар белгісін құқықтық қорғауға қалай қол жеткізе аламын?

ҚАНАТ МУСИН, ҚР Әділет министрі:
–  Бұл сұрақтың жауабын шешудің тиімді жолы – патенттік ведомствоға өтініш беру. Ол Әділет министрлігіне қарайды. Мамандар сіздің өтінішіңізді қарастырады. Біраз уақыттан кейін қай елмен жұмыс істегіңіз келсе, сол жақтың құқықтық қорғауына қол жеткізесіз.

Қанат Мусин Әділет министрлігінің құқықтық ақпараттық қызметі тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Яғни, 119 нөмірі бойынша азаматтар мәселелері бойынша тегін кеңес ала алады.


Алтынай Казиканова