МТРА жаңалықтары

15 мың үшін опық жеді

Бармақ басты, көз қыстылық фактісі кез келген жерде, кез келген жағдайға қатысты орын алуы мүмкін. Биыл өңірде жасыл желек үшін заң бұзғандар анықталып, жауапқа тартылды. Оқиғаны басынан баяндайық. Мамыр айында “Жамбыл” орман шаруашылығының директорына қостанайлық кәсіпкер жүгінген. Бизнесмен 100 текше метр ағаш құлату үшін рұқсат сұрапты. Әңгіме барысында мекеме басшысы іскер жанның былтыр бірқатар талапты орындамағанын алға тартып, келісім бермеген. Осы сәтте “сыйақы” жайлы сөз қозғалған. Артынша белгілі бір сома бірінің қалтасынан екіншісіне өткен. Осылайша, проблеманы пара шешкен.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Исимбаев деген орман шаруашылығының директоры 15 мың теңге көлемінде пара алған. Бізде жедел іздестіру шарасы жүргізіліп, қылмыс ашылды. Соттың үкімі де шықты.

Иә, 15 мың теңге аса қомақты ақша емес. Бірақ, параның аты – пара деген түсінік бар. Заң бұзған директор мен кәсіпкер тиісті жазасын алды. Екеуіне 375 және 225 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Исимбаевқа алған параның 25 есе көбейтілген көлемінде, ал пара берушіге параның 15 есе көбейтілген көлемінде айыппұл салынды.

Бұған қоса, Исимбаев жұмыстан шығарылған. Енді ол мемлекеттік қызметке мүлде орналаса алмайды. Бүгін Айдос Жүнісов мырза табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерімен арнайы жүздесуді шешкен. Кездесуде жемқорлықтың кесірі жайлы кеңінен айтылды. Басты мақсат та сол. Қазір арнайы орган өкілдері халықпен тілдесуді, түсіндіруді, сол арқылы қоғам дертіне қарсы тұруды құп көреді.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Қазақта “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген жақсы сөз бар. Біз бүгіннен бастауымыз қажет. Оқушыларға, студенттерге, халыққа барлығын түсіндіріп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек.

Сонда қоғам дерті ауыздықталады. Кездесу барысында басқарма басшысы Бейбіт Исмановқа тәртіпті күшейту бойынша нұсқама берілді. Жалпы, биыл өңірімізде сыбайлас жемқорлық фактісіне қатысы бар 35 тұлға жауапқа тартылыпты.


Байболат Култанов