Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ғ.Мүсірепов ауданында болды

Құмар Ақсақалов өңірдің ең шеткі аудандарының біріне жасаған іс-сапарын “Ақселеу” серіктестігінің мал шаруашылығы кешенінен бастады. Аталған қожалық 10 жылдан бері ірі қараны бордақылаумен айналысады. Қазіргі таңда фермада герефорд тұқымды
544 тұяқты бар. Жазда Зеңгі баба төлі ұзындығы 22 шақырым болатын арнайы қоршалған жайылымда бағылады.

СЕРІК МАЛАЕВ, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
–  Біз суықта өсіру әдісін қолданамыз. Яғни, малдар базға кірмейді. Қыста далада тұрады. Бұзауларға арналған базымыз бар. Далада тұрған төлдерге күні-түні ыстық су келіп тұрады. Жылына 100 млн теңге пайда көреміз.

Кәсіптен нәсіп көріп отырған азамат ауылдағы ағайынға да көмектеседі. Қазіргі таңда Ковыльное елді мекеніндегі 67 нысан орталық жылыту жүйесіне қосылған. Оның 59-ы – тұрғын үй.

СЕРІК МАЛАЕВ, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
–  Бір ауысымда 10-12 бума зығыр сабаны жағылады. Яғни, бір тәуліктегі қажеттілік – 24 бума.
47/ Мұның енді күлі де аз. Қызуы да жақсы. Бұрындары бұл сабанды өртейтінбіз. Қазір енді ауылға жылу беру үшін қолданудамыз.

Іссапары барысында Құмар Ақсақалов “Ақселеу” серіктестігінің сыйымдылығы 12 мың тонна болатын астық сақтау орнында да болды. Мұнда 10 адам еңбек етуде. Әрқайсысының жалақысы 200 мың теңгеден асады.
Агроқұрылымға тиесілі танаптар мен техникалар толығымен цифрландырылған. Даладағы әрбір процесс қашықтықтан есепке алынады. Мұндай жүйені серіктестік 2017 жылы 47 млн теңгеге іске асырған екен. Жақында “Ақселеу” тағы бір бағытты қолға алмақ. Жарма өнімдерін өндіретін цехтің құрылысы аяқталуға жақын. Арпа, жасымық өңдеуге бағытталған жобаға 150 млн теңге инвестиция құйылып отыр. Аталған нысандарды аралағаннан кейін өңір жетекшісі жергілікті ағайынның базынасына құлақ түрді.

ДАНИЯР ҒАББАСОВ, Ковыльное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:
–  Ауруханаға жету үшін әлекке түсеміз. Жедел жәрдем көлігін шақырта алмай қиналамыз. Ұлымның аллергиясы бар, демікпе дертіне шалдыққан. Баламды Новоишимское немесе Чистопольедегі ауруханаға апарсақ, бізді Петропавлға жібереді, ал облыс орталығы біз үшін тым алыс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Медициналық көмекке мұқтаж жанның әрбірін Петропавлға апарудың қажеті жоқ. Олай болған жағдайда облыс орталығындағы ауруханалардың қауқары жетпейді. Сол себепті, біз Новоишимскоеда аумақаралық аурухана ашып жатырмыз. Мекеме бірнеше ауданның тұрғындарына қызмет көрсетуі қажет.

Ағайынның тыныс-тіршілігімен танысып, базынасын тыңдағаннан кейін облыс әкімі Ставрополка ауылына ат басын бұрды. Бұл – аталған елді мекендегі орта мектеп. 100-ден астам бала білім алатын нысан екі жыл ішінде адам танымастай өзгерген. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ескі есік-терезелері ауыстырылып, шатыры жаңарған. Қасбетіне сән кіріп, жылы беру жүйесі жаңғыртылыпты. Асхана мен кітапхана ажары да ашыла түскен. Аталған жұмыстардың барлығына 129 млн теңге жұмсалған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Мектептерді жөндеуге қыруар қаражат бөлініп жатыр. Нәтижесінде қазіргі таңда облысымыздағы оқу ошақтарының 70%-ы қалыпқа келтірілді.

Ставрополка ауылында биыл су құбырларын тарту жұмыстары бастау алды. Оған 724 млн теңге бөлінген. Бүгінге дейін мердігер серіктестіктің жұмысшылары біраз жұмыстың басын қайырған.

ҚАЛДАСБАЙ БАЗАРОВ, мердігер серіктестіктің өкілі:
– Жұмысты тамыз айында бастадық. Жобаның өзі 5 бөлімнен тұрады. Қазіргі таңда ұзындығы 14 шақырым болатын ауылішілік су құбырларын тартып қойдық. 5,5 шақырым магистраль тартылды. Қазір жұмыстар насос станциясында жүріп жатыр. Қажетті жабдықтар қараша айының соңында жеткізілмек. Биылғы жылы жұмыстың басым бөлігін бітіріп, келесі жылы жобаны толығымен іске асырамыз.

Ставрополкадан да облыс әкімі тұрғындармен кездеспей кете алмады. Ағайынмен өңір жетекшісі елді мекеннің демалыс орталығында кездесті. Аталған мекеме ішінде фитнес зал бар, карате, қолкүрес сынды спорт түрлерімен айналысуға болады. Сондай-ақ, бильярд ойнауға да болады.


Алдияр Айтпаев