МТРА жаңалықтары

Жеделсаты дауы

 

 

Петропавлда тағы да жеделсаты дауы туындап отыр. Назарбаев көшесі, 158 мекенжайындағы көпқабатты үйдің лифті биыл ауыстырылған. Жаңа қондырғы орнатылса, проблема неде дерсіз? Түсіндіре кетейік, төменгі қабатта тұратын тұрғындар өздері қолданбайтын жеделсаты үшін төлем жасау керектігіне наразы. Құны 13 млн теңге болатын заман игілігі бірден 4-ші қабатқа көтеріледі.

НАТАЛЬЯ ЛУКЬЯНЧИКОВА, үй тұрғыны:
–  Бастапқыда жеделсаты 4-ші қабаттан бастап орнатылатынын айтты. Дегенмен, біздің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы құжаттағы жазуды сызып, қондырғы үшін астыңғы қабаттағылар да төлем жасау қажет деп қаламмен жазды. Оның неліктен мұндай қадамға барғанын түсінбей-ақ қойдық. Жалпы, лифті көрсетілген сомадан көбірек қаражатқа жасалғаны да белгілі болды.

Төменгі қабаттағылардың басым көпшілігі – егде жастағы жандар. Жедел саты үшін ай сайын баспананың шаршы метріне қарай ақша төлеп отыру керек. Зейнеткерлер 15 жыл бойы жайдан-жай шамамен 1,5 млн теңге төлегілері келмейді. Әрі жыр болған лифтінің жұмысы да көңіл көншітпейтін көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, жеделсаты 1 ай өтісімен 2 рет тоқтап қалыпты.

ТАТЬЯНА ГОРБАЧЕВА, үй тұрғыны:
– Мүлік иелері бірлестігі төрайымының сөзіне қарағанда, астыңғы қабаттағылар ақша қосса, жоғарыдағылар азырақ төлейді екен. Былай қарап тұрсақ, жеделсатының бізге түк керегі жоқ. Қоса кетсем, лифтіні орнататын мердігерді де тұрғындар таңдаған жоқ. Бізбен ақылдаспай, сыртымыздан шешім қабылдаған.

Былайша айтқанда, пәтер тұрғындары бәрін төрайымға сілтеп отыр. Ал Вера Суслова лифтіні ауыстыру жұмыстары қолданыстағы заңға сәйкес жүргізілгенін айтуда. Сонымен қатар, нәзікжанды лифт орнату қауіпті әрі мол жауапкершілікті талап ететінін айтты. Сол үшін мердігер таңдауды тұрғын үй инспекциясына сеніп тапсырыпты.

ВЕРА СУСЛОВА, «Мира, 158» МИБ төрайымы:
–  Тұрғын үй инспекциясы бізге мердігерді ұсынды. Лифтіні орнатқан мамандар жұмысты тыңғылықты атқарғанын атап өту керек. Өзім бастан-аяқ қарап, бақылап жүрдім. Жалпы, жеделсатыны ауыстыру мәселесін 2010 жылы бастадым. 14-ші жылдан бері қаншама жиналыс өткізілді. Тиісінше, тұрғындардың пікірі тыңдалды. Алайда, ол кезде дегенімізге жете алмадық. Осыдан бірталай уақыт бұрын лифтінің бағасы да арзан еді. Қазір барлығы қымбаттап кеткені мәлім.

Қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков тұрғын үй қатынастары туралы заңда лифтінің ортақ мүлік екенін еске салды. Яғни, әр тұрғын жеделсаты үшін жауапты.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
–  Лифтіні жөндеу жұмыстары үй иелерінің қаражатына жүргізеді. Кімнің қай қабатта тұратыны бұл жерде маңызды емес. Егер жеделсаты істеп тұрса, қондырғыны қолданатындар ақша төлеп отырады. Бұзылып немесе ауыстыру қажет болған жағдайда қаржыландыруға барлық тұрғын жұмылдырылуы тиіс. Мұның бәрі заң нормаларына сәйкес жүргізіледі.

Сергей Худяков заңда өзгерістер орын алып жатса, бірден қалалықтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін қоса өтті.


Алтынай Казиканова