МТРА жаңалықтары

СҚО-да биыл 23 жасөспірім психиатр-наркологтың көмегіне жүгінген

 

Облыстық мәслихатта кезекті қоғамдық кеңес отырысы өтті. Бұл жолғы жиынның негізгі тақырыбы – нашақорлықпен күрес. Жиналыста облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди қоғам дертінің таралуын азайту бойынша атқарылып жатқан істі баяндады. 9 ай ішінде заңсыз есірткі айналымы үшін 112 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Статистика есірткіні пайдаланушылар мен таратушылардың жасы жасарғанын көрсетіп отыр.

ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
–  Нашақорлықпен күрес жолында жастарға қысқаметражды фильмдерді көбірек көрсетеміз. Осы арқылы есірткіге тәуелділіктің соңы неге соқтыратынын ұқтырғымыз келеді. Мәселен, жуырда «21 ғасырдың нашақоры» атты бейнеролик дайындалды. Оқиға желісі өмірден алынған. Яғни, зиянды затқа әуес болған петропавлдық жайында. Видеода жас жігіт өзінің өкінішімен бөліседі.

Білім беру мекемелерінде де нашақорлықпен күрес жұмыстары мықтап қолға алынған. Облыс аумағында жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 800-ден астам педагог пен психолог, 76 учаскелік инспектор тартылған. «BalaQorgau» жобасы аясында мектептерге арнайы QR-кодтар қойылды. Заман игілігі арқылы ата-аналар мен оқушылар тегін консультация ала алады.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Оқушылардың ата-аналарымен қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлініп жатыр. Білім беру мекемелері нарколог-дәрігерлермен, нашақорлықпен күресетін мамандармен тікелей байланыста.

Жиында есірткіге тәуелді жандарға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері де сөз етілді. Биылдыққа 23 жасөспірім психиатр-наркологтың көмегіне жүгінген.


Алтынай Казиканова