Спорт

Петропавлда кекушинкай каратеден Еуразия кубогі өтті

 

Демалыс күндері Петропавлда кекушинкай каратэден байрақты бәсеке өтті. Дүбірлі додаға Кувейт, Беларусь, Сирия, Өзбекстан, Ресей мен Қазақстан сынды 6 елдің мықтылары қатысты. Барлығы – 1,5 мыңнан астам спортшы.

Жарыста өңір намысын Аян Тортаев қорғады. Азамат бұл спорт түрімен 16 жылдан бері айналысып келеді. Петропавл төрінде өткен “SUNKAR Еуразия Кубогы” ол үшін сәтті басталды. Алғашқы кездесуінде спортшы қарсыласын тізе бүктіріп, келесі айналымға жолдама алды.

АЯН ТОРТАЕВ, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:
–  Астаналық каратэшімен кездестім. Жекпе-жек жақсы өтті. Қарсыласым мықты дайындықпен келіпті. Мен де осал емеспін. Оған қарағанда жылдам қимылдаймын. Жеңіске жетуге осы қасиетім септесті.

Байрақты бәсекеде бұрымдылар да бақ сынады. Жанель Ғабиден Петропавлға Астана қаласының намысын қорғау үшін келіпті. Спорттық мансабында спортшы Әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, жеңімпаз атанған.

ЖАНЕЛЬ ҒАБИДЕН, турнирге қатысушы, Астана қаласы:
– Оралдық спортшымен кездестім. Өте мықты екен. Жекпе-жек жақсы өтті. Маған әлі де дайындалу керек. Келесі Еуразия чемпионатында жеңіске жетуге тырысамын.

Айта кетейік, бұл турнир Петропавлда Республика күніне арналып ұйымдастырылды.

ТӘЖІМҰРАТ НАЙЗАБЕКОВ, Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымының президенті:
–  «SUNKAR» Еуразия Кубогы» ашық халықаралық турнирі 19-шы жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Биыл біз ұйымдастырдық, келесі жылы байрақты бәсеке Ресейде жалауын желбіретеді.

Турнирге 7 жас пен 70 жас аралығындағы спортшылар қатысты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандарға кубок және медальдар табыс етілді.


Самал Жунусова