МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданында қарияларға қандай көмек көрсетіледі?

Қазіргі уақытта Мамлют ауданында 3,5 мыңнан астам зейнеткер тұрады.
Ауданда жалғызбасты қарияларға көп көңіл бөлінеді. Жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров ұйым бұл бағытта жұмыс істеп келеді дейді. Егде жастағы жандарға қажет болса үйін жөндеп береді, отын арзан бағамен сатылады. Мәселен, жалпы жұртқа 50 мың теңгемен сатылған бір көлік отын қарттарға 38 мыңнан ұсынылыпты.

ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
–  Жағдайларына байланысты зейнеткерлерге көмек жасаймыз. Жем-шөп апарып береміз. Арзандау отын-көмір жеткіземіз. Қажет болса жөндеу жұмыстарын жасасуға да көмектесеміз. Биыл 13 адамның баспаналарына шағын жөндеу жұмыстарын жүргіздік. 67 адамға арзан бағамен отын жеткіздік.

Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері аудандық делегациямен өткен кездесуінде айтылды. Оған кезінде Мамлют ауданында тұрып, кейін облыс орталығына көшіп келгендер де қатысты. 75 жастағы Аманжол Нұртаев саналы ғұмырын Бекер ауылында өткізген. Алайда, 12 жыл бұрын құрметті демалысқа шыққан соң Петропавлға көшіп келген екен. Қазір қария облыстық ардагерлер кеңесіне мүшелік етеді.

АМАНЖОЛ НҰРТАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
–  Жыл бойы ауданда қызмет еттім. Аудан партиясының нұсқаушысынан бастап Зейнетке шыққанда аудандық маслихат хатшысы болып қызмет еттім.  Кездесуде аудан басшылары әлеуметтік-экономикалық жұмыстарын айтады. Алдағы жоспарларымен бөліседі.

Мұндай шаралар қарттар айлығы аясында ұйымдастырылады. Бүгінгі жиынға Мамлют ауданында тұратын 50-ге жуық зейнеткер қатысты.


Самал Жунусова