МТРА жаңалықтары

Жергілікті ұстаз “Парасат” орденімен марапатталды

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Константин Рыб өмірінің
50 жылын білім саласына арнаған. Ұстаз 25 жылдан астам уақыт бойы ЛОРД мектеп-лицей-интернатында еңбек етіп келеді. Осы аралықта азамат талай өнегелі шәкірт тәрбиелепті. Бүгінде зейнетке шықса да білім саласынан алшақтап кеткен жоқ. Әлі де оқушыларға физика пәнінен сабақ беруде.

Константин Рыб 70 жаста. Білімге құштар жан. Күнделікті жұмысынан еш жалыққан емес. Әр сабағына ерекше дайындалып келеді. Берген білім қанықты болсын деп сабақ барысында тың әдіс қолданады.

 Константин Рыб, ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының мұғалімі, “Парасат” орденінің иегері
– Әр ұстаздың өзіндік сабақ беру әдісі бар. Мен де 50 жылдың ішінде талай әдісті байқап көрдім. Әр баланың ынтасы, білімі әртүрлі. Егер оқушы сенің сабағыңды қызығушылықпен оқысын десең, алдымен ұстаз пәнді дұрыс түсіндіріп, қызықтыра білуі керек. Мен ешқашан шәкірттерімді білімді-білімсіз деп бөлген емеспін. Әр балаға физиканы түсіндіруде түрлі тәсіл қолданамын. Соның арқасында шәкіртерім де талай жетістікке қол жеткізді.

Константин Рыбтың ұлағаты мен өнегесі талай жанға азық болғаны рас.
Мына мадақтама тақтасына ілінген түлектердің барлығы жоғары оқу орындарында білім алып, шекара асыпты. Ел дамуы үшін де тер төгіп жүргендері қаншама. Бұл – ұстаз біліктілігінің дәлелі. Константин Андреевичтің білім саласына сіңірген еңбегі Республика күні қарсаңында елеусіз қалмады. Ұлағатты ұстаз елордада “Парасат” орденімен марапатталды.

Константин Рыб, ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының мұғалімі
– Қазанның 22-сі күні Мемлекет басшысы Ақордада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Салтанатты жиынға мен де қатыстым. Әрине, бұл мен үшін аса зор құрмет. Бұл тек менің наградам ғана емес, білдей бір лицей ұжымының еңбегі деп есептеймін. Біздің мектептің білім беру деңгейін одан әрі арттыру үшін әлі де еңбек етуге әзірмін.

Константин Андреевич бұған дейін де бірнеше жоғары марапатқа ие болған.
Білікті педагог – Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
Бейінді министрлік тарапынан ең үздік ұстаз ретінде танылған.


Дана Ешкенова