МТРА жаңалықтары

Семей полигонында қаза тапқандарды еске алу рәсімі өтті

Биыл Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толды. 20-шы ғасырда қазақ халқының басына түскен зор қасірет қолдан жасалған еді. Аталған аймақта 40 жыл бойы сынақтар жүргізіліп, 500-дей ядролық жарылыс болған. Адам өмірі мен табиғатқа келтірілген зиянның ауқымын елестетудің өзі қорқынышты. Өкінішке қарай, бұл зардапты адамдар әлі де тартып келеді.
1970-1972 жылдары әскер қатарына алынған 1,5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жігіт жарылыс алаңына жіберілді. Ол кезде басым бөлігі 18 жасқа енді толған жас жігіттер еді. Отан алдындағы борышын өтейміз деп барғандардың басым бөлігі өңірге қайта оралмапты. Кейбірі сырқаттанып, ал кейбірі ауыр жарақат алып көз жұмған. Ал туған өлкесіне аман оралғандар – бүгінде 70 жасқа таяған қарттар. Ядролық қарудың зардабын өз көзімен көрген жандар бүгін 50 жыл бұрын Семей полигоны аумағында бірге қызмет атқарған жақын достарын еске алып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.


Дана Ешкенова