Спорт

Кубок кімге бұйырды?

Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасындағы ел кубогының жеңімпазы анықталды. Кеше кешке ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Елисеевті еске алуға арналған дүбірлі доданың ақтық матчы өтті. Бұл жолғы финалда тағы жергілікті “Kuanysh” пен өскемендік “Altay”-дың жолдары түйісті.

Бітіспес қарсыластардың әр матчына жанкүйер көп жиналады. Соңғы рет қос ұжым Семейде күш сынасты. Сонда “Kuanysh” қыздары жергілікті халықтың алдында “Altay”-ды ұтып, Азияның үздігі атанды. Кезекті финалды тамашалау үшін облыс әкімі Құмар Ақсақалов та келді. Қызу қолдауды сезінген аруларымыз барын салды. Дегенмен, алғашқы партияда ойлағандары жүзеге аспады. Қарсыластарымыз биік секірді, жылдам қимылдады, допты қайта-қайта алаңға түсірді.

Бірінші партияда қонақтардың асығы алшысынан түсті. Қос команда 15 те 25 есебімен тарқасты. Екінші кезеңде де дәл осындай есеп тіркелді.

Ал үшінші партияда “Kuanysh” қыздары қуантты. Аруларымыз қарсыластан 25 те 21 есебімен басым түсті. Жалпы есеп – 2 де 1. Матч жалғасын табады.

Блиц:
– Ойын қалай өтіп жатыр? – Өте жақсы өтіп жатыр. «Kuanysh» жеңеді деп ойлаймын.
–  За «Kuanysh» болеем. Это команда близко к сердцу.
–  “Altay” имеет огромное преимущество.

Өкінішке қарай, жергілікті ұжым есепті теңестіре алмады. Матч 3 те 1 есебімен аяқталды. “Altay” – чемпион. “Kuanysh” күмісті, ал талдықорғандық “Zhetysu” қоланы қанағат тұтты.

САНА АНАРҚҰЛОВА, “Altay” ВК капитаны, Өскемен қаласы:
– Семейде өткен клубтар арасындағы Азия чемпионатын бәрін біледі. Жарыстың финалында біз «Kuanysh»-қа есе жібердік. Сондықтан, ел кубогына тыңғылықты дайындықпен келдік. Кеткен есені қайтардық. Кубокты өзімізбен бірге Өскеменге әкетеміз. «Kuanysh»-тың биылғы құрамы керемет жасақталыпты. Араларында әлемдік деңгейдегі волейболшы да бар. Ойынға көңілім толды.

Солтүстікқазақстандықтарда есе қайтарар мүмкіндік бар. Қараша айында Петропавлда ел чемпионатының бірінші туры бастау алмақ.


Байболат Култанов