МТРА жаңалықтары

Бескөлде «Жан қанаты» фестивалі өтті

Өмірге құштар, өнерге іңкәр жандар. Бүгін Бескөл ауылында «Жан қанаты» фестивалі ұйымдастырылды. Шарада тағдырдың тауқыметіне тап болған 30 аудан тұрғыны жиналып, таланттарын паш етті. Қатысушылар қолөнер, мәнерлеп оқу, ән айту номинациялары бойынша нөмір дайындаған. Соңғы аталғанына Ділнәз Қайыржанова бала кезінен жақын. Оқушы қыз 3 жасында көз жанарынан айырылса да барлығын көңілге тоқиды, жүрекпен сезеді.

ДІЛНӘЗ ҚАЙЫРЖАНОВА, №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы:
–  Ән айтқаннан бөлек, бисер теріп, түрлі әшекей-бұйым дайындағанды ұнатамын. Сахнада тұрғанда ерекше күйге бөленемін. Бүгінгі фестивальде Мәдина Сәдуақасованың «Сүйген жүрек» әнін орындадым. Бұл өлең анам екеумізге ұнайды.

Кондратовка ауылының тұрғыны Рысты Сәуірбаева фестивальге күн-түн демей көз майын тамызып жасаған заттарын алып келіпті. Зейнеткер үлкендер мен балаларға арнап жылы носки, орындыққа, кіреберіске төсейтін төсеніш тоқиды.

РЫСТЫ СӘУІРБАЕВА, Кондратовка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
–  Қолөнермен нақты айналысып жүргеніме 5-6 жыл болды. Жалпы, тоқыма тоқуды жасымнан білемін.
Тоқыма тоқуды ең бірінші анамнан үйрендім. Мектеп қабырғасында шапка тоқуды үйрендім. Тапсырыспен тоқимын. Қандай зат керек екенін түсіндіреді. Айтқандарын жасап беремін.

«Жан қанаты» фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар саны да бұрынғыға қарағанда артып келеді екен.

ВИЛЬДАНА ҚОЖАХМЕТОВА, «Қызылжар аудандық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы» ҚБ төрайымы:
–  Фестивальді біз ғана емес, қатысушылар да қатты күтеді. Олар үшін мереке деп айтуға болады. Фестивальде өздерінің өнерлерін көрсетіп, бұл өмірге керек екендерін түсінеді.

Фестиваль соңында әр қатысушыға сый-сыяпат табыс етілді.


Алтынай Казиканова