МТРА жаңалықтары

СҚО-да биыл 524 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

 

Бір емес бақандай 6 банктен қомақты қаржы алып берген. Қала тұрғыны
интернет-алаяқтардың құрығына оңбай түсті. Оқиғаның мән-жайын толығырақ баяндайық. Жуырда петропавлдық келіншекке белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған. Сіздің атыңызға алаяқтар несие рәсімдеп жатыр, бұл күмәнді істі тез арада әшкерелеу үшін сізге несие алу қажет деген. Мұны естіген нәзікжанды абыржып қалып, телефонның ар жағындағы адамның айтқанын бұлжытпай орындаған. Қала тұрғыны өз атына 6 бірдей банктен 8,5 млн теңге рәсімдеген. Кейін келіншек ақшаны резервтегі есепшотқа аударысымен қомақты қаржы ұшты-күйлі жоғалған.

ҚҰМАРБЕК ЖОЛАМАН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі
– Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жасалған қылмысқа қатысы бар екі адам анықталды. Ары қарай олар 4 және 3,5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Полиция қызметкерлерінің сөзінше, өңір тұрғындары “жалған банк қызметкерлеріне” жиі алданады. Мәселен, ағымдағы жылы 160-тан астам солтүстікқазақстандық осындай жалған банк қызметкерінің қоңырауынан кейін сан соғып қалған. Сондай-ақ, облыста алаяқтық қылмыстардың басым бөлігі танымал «OLX.kz» және «Колеса» сайттарында да жиі кездеседі.

ҚҰМАРБЕК ЖОЛАМАН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі
– Алаяқтықтың осы түрінен зардап шеккеннің бірі «OLX.kz» сайтында өз заттарын сату туралы хабарландыру жариялаған аудан орталығының тұрғыны болды. Біраз уақыттан кейін оған WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы белгісіз әйел хабарласқан, ол өзінің басқа қалада екенін, бірақ курьерлік қызмет арқылы сатып алуды қалайтынын түсіндірген. Ол үшін жеткізу сайтына сілтеме жіберген, оның айтуынша, әйел өзінің банк картасының реквизиттерін қалдыруы керек болған. Содан кейін оған ақша түсу керек еді. Нұсқауларды орындағаннан кейін әйел картасында жатқан 140 000 теңгесінен айырылған.

Сөз соңында айта кетейік, соңғы 9 айдың ішінде 524 солтүстікқазақстандық интернет-алаяқтарға алданып қалған. Бұл статистика өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға аз екен. Демек, халық арасында айтылып та, жазылып та жүрген алаяқтықтың алдын алу шаралары қандай да бір нәтижесінберіп жатыр дейді тәртіп сақшылары.


Дана Ешкенова