МТРА жаңалықтары

Әлеуметтік қызметкерлер марапатталды

Қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осыған орай бүгін Ақан сері атындағы облыстық филармонияда салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шарада өңір жетекшісінің орынбасары сала өкілдерін құттықтап, жылы лебізін білдірді әрі бұл мамандықты жанашыр, айналасына қамқорлықпен қарайтын жандар ғана таңдайтынын айтты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Әлеуметтік қызмет бір орында тұрған жоқ, жылдан жылға дамып келе жатқанын көріп отырмыз. 2023-жылдан бастап біртіндеп әлеуметтік кодексті енгізу жоспарда бар. Сондай-ақ, төменгі жалақы мен базалық зейнетақы мөлшері артады. Отбасының цифрлық картасы жобасы жүзеге асырылады. Бұл зейнетақы мен төлемақыны мемлекеттік органдарға жүгінбей-ай алуға мүмкіндік береді.

Мереке қарсаңында бірталай әлеуметтік қызметкердің еңбегі еленді. Марапатқа ие болғандардың ішінде Рита Симанбаева да бар. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаментінің ардагері халықтың осал топтарымен жұмыс істеген. Көпжылдық қызметі барысында мүгедектердің жан-дүниесіне үңіліп, барынша қолдау көрсетуге тырысқанын айтады.

РИТА СИМАНБАЕВА, әлеуметтік қорғау саласының ардагері:
– Әр мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүретінін баршамыз жақсы білеміз. Соған қарамастан сала өкілі өз жұмысына адал болуы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік қызмет зор жауапкершілікті талап етеді, Көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын созу – біздің басты міндетіміз. Бүгін көпжылдық еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Бүгін мен Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым.

Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны Роза Ақпанова қариялардың баспаналарына барып, үй шаруасына көмектеседі. Нәзікжанды бала кезінен жақсылық жасауға құштар. Мереке қарсаңында жерлесіміз облыс әкімінің “Құрмет” грамотасымен марапатталды.

РОЗА АҚПАНОВА, әлеуметтік қызметкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:
–  Мен зейнеткерлердің тамағын пісіріп, кірін жуып беремін. Керек кезде ауруханаға апарамын. Өзіме жұмысым ұнайды. Әсіресе, қарттардың алғысын естіп, батасын алғанда төбем көкке жетеді. Қариялар да маған үйреніп қалған, әркез өз балаларын күткендей күтіп отырады.

Жалпы, мерекеге орай 20-дан астам қызметкер түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Жиын соңы филармония өнерпаздары дайындаған концертпен аяқталды.

ИНТЕРШУМ


Алтынай Казиканова