МТРА жаңалықтары

ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай?

Қазанның бірі күні вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталғаны мәлім. Осы кезеңде облыста жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырудың 4839 жағдайы тіркелді. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 5 пайызға төмендеді дейді мамандар. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 5 мыңнан астам науқас анықталған.

АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Науқастардың ең көп саны 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Яғни, 3422 жағдай немесе 71 пайыз. 2022 жылдың 14 қазанынан бастап тұмау тіркеле бастады. Облыста В типті тұмаудың зертханалық расталған 19 жағдайы тіркелді. Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцинация. Тұмауға қарсы вакцинация – аурудың асқынған ағымынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғайды.

Қоса өтсек, осы айдың 3-і тұмауға қарсы иммундау науқаны бастау алған еді. Бүгінгі таңда 47 мыңнан астам адам екпе қойдырды. Оның 9186-сы оқушы болса, 8 мыңнан астамы – медицина қызметкері. Сонымен қатар, 396 жүкті әйел вакцина алыпты.

АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
–  Тұмауға қарсы вакцинациямен қамту ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және эпидемияның пайда болуына жол бермейді. Вакцинациядан басқа спецификадан тыс профилактиканы назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Ол бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет.

Ауырып қалған жағдайда санитар мамандар вирустың таралуына жол бермес үшін үйде болуға кеңес береді. Мұндай кезде дәрігер шақырып, барынша күтінген абзал.


Алтынай Казиканова