Денсаулық сақтау

№1 қалалық емхана 9 жаңа қондырғымен толықты

Веновизорлар, билирубинометр мен бу стерилизаторлары. 1-ші қалалық емхана 9 жаңа қондырғымен толықты. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мынау – автоматтандырылған периметр. Ол науқастың көру мүмкіншілігін зерттеуге арналған. Татьяна Кожушко – офтальмолог-дәрігер. Қазір жаңа құрылғының қыр-сырын меңгеріп жатыр. Еңбек өтілі 10 жылды құрайтын ақхалатты осы уақыт бойы Кеңес үкіметі кезінде жасалған жабдықпен жұмыс істеген.

ТАТЬЯНА КОЖУШКО, №1 қалалық емхананың офтальмолог-дәрігері:
– Бұрын статикалық периметрмен жұмыс істедік. Онда науқастың көру өрісі бірқалыпты жанатын индикатормен анықталатын. Яғни, пациент жарықты байқағаннан кейін біз өрістің шекараларын белгілейтінбіз. Қазір компьютерлік периметрмен түстерді қандай деңгейде көретінін нақты анықтай аламыз.

Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, науқастар үшін де аса ыңғайлы. Емханада жаңа бу стерилизаторы да пайда болды. Ол медициналық құралдарды 20-30 минутта зарарсыздандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, емдеу мекемесінің құрал-жабдық қоры жаңа билирубинометрмен толықты.

НИКОЛАЙ НОВИКОВ, №1 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:
–  “Бұл – сарғыштықтың қарқындылығын өлшейтін құрал. Сәбилерде жиі кездесетін дерт. Оны емдеу оңай. Осы құралды сырқаттың алдын алып немесе ерте сатысында анықтау мақсатында сатып алдық.

Николай Новиковтың айтуынша, емханаға келесі жылы тағы бірқатар жаңа құрылғы алу жоспарда бар.


Самал Жунусова