Денсаулық сақтау

Жас мамандар қатарға қосылды

 

Биыл Мамлют аудандық ауруханасы 5 дәрігермен және 18 орта білімді маманмен толықты. Лаура Ерғалиева – Солтүстік Қазақстан облысын таңдаған ақ халатты абзал жанның бірі. Психиатр-нарколог дәрігер – Ақтөбе облысының тумасы. Астанадағы медициналық университетті тәмамдапты. Диплом алуға 1-2 ай қалғанда түлекке теріскейден ұсыныс түскен. Қоңырау шалған – Мамлют аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Карина Грауверг. Көп кешікпей қос тарап келісімге келген. Бүгінде Лаура өзін үйде жүргендей сезінеді. Жанұясын аса сағынбайды.

ЛАУРА ЕРҒАЛИЕВА, Мамлют аудандық ауруханасының психиатр-нарколог дәрігері:
–  Аса сағынбаймын. Жұмыс көп. Мұнда өзіме бәрі ұнайды. Жақсы жағдай жасалған. Ұжым көмектеседі.

Психиатр-нарколог дәрігердің жұмысы ауыр. Маман әр адамның өмірін, басындағы қиындығын толығымен естіп, түсініп, ақыл-кеңес беруі қажет. Бұл оңай шаруа емес. Көп кісі ашыла қоймайды. Ал ашылмаған тұлғаны емдеу – ауыр жүкті арқалағанмен бірдей.

ЛАУРА ЕРҒАЛИЕВА, Мамлют аудандық ауруханасының психиатр-нарколог дәрігері:
–  Біріншіден, адамдар қорықпасын. Бізге келсін, бәрін айтсын. Біз қолдан келген көмекті аямаймыз.

Лаура Ерғалиеваның айтуынша, бәрін іште сақтау күйзеліске алып келеді. Ал күйзеліс “ұйқыда жатқан” ауруды оятуы мүмкін. Жас маман теріскейге келгені үшін 2,5 млн теңге көлемінде көтермеақы алыпты. Баспанамен де қамтылған екен. Ал Бахтжан Ахмаджановты Мамлют аудандық ауруханасына әбден сіңісіп кетті десек болады. Тәжірибелік дәрігер мұнда былтырдан еңбек етеді.

БАХТЖАН АХМАДЖАНОВ, Мамлют аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:
–  Түркістан облысында білім алдым. Сол жақтан жұмысқа жіберді.

Дәрігер көтермеақы алыпты. Жақында шаңырақ та көтерген екен.

БАХТЖАН АХМАДЖАНОВ, Мамлют аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:
–  Күніне 60 адамға дейін қабылдаймыз.

Енді Мамлют аудандық ауруханасына реаниматолог-анестезиолог дәрігер қажет. Сонда кадр тапшылығы мәселесі толығымен жабылмақ. Емдеу мекемесінде биыл электронды кезек жобасы да жүзеге асырылыпты. Талон аласың, дәліздегі монитор арқылы қабылдауға кіресің. Тура қаладағы сияқты.

КАРИНА ГРАУВЕРГ, Мамлют аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:
– Электронды кезек жобасы мамыр айында іске асырылды. Өте ыңғайлы жоба дегім келеді. Бұрын адамдар кезекте тұрды. Бір-бірін түсінбеу жайттары да орын алды. Қазір дау туындамайды. Автоматты жүйе барлығын өздігімен реттейді.

Жыл соңына дейін аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы тағы да жаңа дүниелермен толықпақ. Мұнда заманауи жедел жәрдем көлігі, ота жасау үстелі мен ота жасау кезінде қолданылатын шам әкелінбек.


Байболат Култанов