МТРА жаңалықтары

Республика күні перинаталдық орталықта 8 сәби дүниеге келді

 

Енді Найзабековтар жанұясы 25-қазан күні қос мерекені тойлайды. Кеше бұл отбасында шекесі торсықтай ұл дүниеге келді.

СӘУЛЕ НАЙЗАБЕКОВА, қала тұрғыны:
– Төртінші баламды босандым. Кесер тілігі жасалды.
Гинеколог, балалар дәрігері келіп, жағдайымызды біліп отырады. Ешқандай шағымыз жоқ. Бәріне рахмет.

Петропавлдық Наталья Бондаренконың тұңғышы да ұлттық мереке күні туды. Ерлі-зайыпты ұлдары биік белестерді бағындырсын деген ниетпен оған ерекше есім беріпті. Нәрестенің аты – Демьян. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Бір-екі күнде үйлеріне барады.

НАТАЛЬЯ БОНДАРЕНКО, қала тұрғыны:
– Барлығы жақсы өтті. Алғашқы сәбиім болғасын, ақхалаттылар қалай әрекет етуім керектігін айтып отырды. Сол үшін алғысымды білдіремін. Бөпемізді ұзақ күттік. Осындай керемет мейрамда дүние есігін ашқанына қуаныштымыз.

Жалпы, Республика күні перинаталдық орталықта 8 шақалақ өмірге келді. Оның бесеуі – ұл, қалғаны – қыз.

ГҮЛБАҚЫТ МЫРЗАБЕКОВА, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:
–  Ірі ұрықты болғандықтан, кесер тілігі арқылы босанды. Ана мен баланың жағдайы жақсы.  Қазір дәрігердің бақылауында. Ешқандай шағымдары жоқ.

Айта кетсек, жыл басынан бері перинаталдық орталықта 3 мыңнан астам бөбек дүниеге келді. Соның ішінде 59 – егіз. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 114 әйел ана атанды.


Алтынай Казиканова