МТРА жаңалықтары

Республика күніне арналған автошеру

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
Республика күніне арналған автошеру. Бүгін петропавлдық жастар осындай бастаманы қолға алып отыр.

Көліктер біртіндеп Пестрое көлінің жанына жиналуда. Шараға кез келген жан қатыса алады. Ешқандай шектеу жоқ. Автошеруде облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Дина Мұхамеджанова да төбе көрсетті. Нәзікжанды мұндай шаралардан қалыс қалмайды.

ДИНА МҰХАМЕДЖАНОВА, СҚО бойынша іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры:
– Автошеруге бірінші рет қатысып отырмын. Мені “Жастар рухы” ұйымының өкілдері шақырды. Бұндай бастамаларды әркез қолдаймын. Осындай шараларды жие өткізіп тұру қажет. Бұл жастарды отансүйгіштікке баулиды.

Шараны петропавлдық жастар Пестрое көлінен бастады. Кейіннен көліктерден құралған тізбек облыс орталығының Жабаев, Сүтішев, Жұмабаев пен Әуезов сынды көшелерді кесіп өтті. Айта кетейік, жалпы мұндай автошеруді ұйымдастыру облыста дәстүрге айналған.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
–  Біздің қала тұрғындарына көк туымызды, әнұранымызды шырқатып осы айтулы мерекенің мән-маңызын түсіндіргіміз келеді. Көбіне мұндай автошерулерді ұлттық мерекелерде өткізіп отырамыз.

Барлығы 20-ға тарта көлік жұмылдырылған шара Тәуелсіздік стеласы маңында аяқталды. Жастар көк туды қолдарына алып, Конституция көшесімен де жүріп өтті.


Алдияр Айтпаев