МТРА жаңалықтары

Көк ту көкке көтерілді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Бүгін – Республика күні! Жаңа Қазақстандағы жаңа мемлекеттік мереке. Бұл оймен біреу келісер, біреу келіспес. Келіспейтіндер тереңге бойлап, өткеннен сөз қозғайды. Шынымен солай. Атаулы датаның пайда болу тарихы 90-шы және 95-ші жылмен тығыз байланысты екені еңбектерде, саяси маңызды құжаттарда, интернетте тайға таңба басқандай жазылып тұр.

1990-шы жылдың 25-ші қазаны. Дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Саяси аса маңызды құжат негізінде еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, рәміздері бекітілді. Мұндай батыл қадамдар қараша халыққа Тәуелсіздіктің ауылы алыс еместігін ұғындырды. Араға 1 жылдан аса уақыт салып азаттықтың да ақ таңы атты. Ал 95-тің қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Республика күні жарияланды. Алайда, 2009-да тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік мереке тойланбайтын болды.

Бірақ, биыл тағы өзгеріс орын алды. Араға 13 жыл салып 25-ші қазан – Республика күні болып қайта бекітілді. Мемлекеттік мерекеге орай Петропавлда ту көтеру рәсімі өтті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Міне, рәмізіміз көкке көтерілді. Көк туымыз көк аспанға ерекше сән беріп тұрғандай. Тұғырлы Тәуелсіздіктің іргетасы саналатын бүгінгі Республика күні құтты болсын! Байрағымыз тұғырдан түспесін!

Мемлекеттік мерекеге орай Петропавлда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтті. Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен еліміздің бірнеше өңірінен келген шеберлер өз жұмыстарын ортаға салды. Облыс әкімімен тілдескен алматылық Нұргүл Дәлелқанқызы Құмар Ақсақаловқа естелік сыйлық табыс етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Алматы облысына сәлем айтыңыздар. Киелі жер. Алматылықтар бізге келсін, көрсін. Қонақтар табиғатымызға таң қалады.

НҰРГҮЛ ДӘЛЕЛҚАНҚЫЗЫ, қолөнерші, Алматы облысы:
–  Біз көп жерде болдық. Бірақ, мұнда барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тағы келеміз.

Қырғызстан да шеберлерімен мақтана алады. Көрші елдің қолөнершілері өңірімізге шақыртуды қуана қабылдапты.

ГУЛИМ АЛЫМКОЖАЕВА, қолөнерші, Қырғызстан:
–  Шолпан ата қаласынан келдік. Музей қызметкеріміз. Фестиваль жақсы өтіп жатыр.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазақ-қырғыз – бауырлас елдер. Сіздерге де жақсылық тілегім келеді. Рахмет мереке құтты болсын!

Ал мына киіз үйге Артықбай Смағұлов есімді ресейлік шебер орналасқан. Ағамыз ұлттық өнерді ұлықтап жұр. Шебердің кәдесыйлары көз сүйсіндіреді.

АРТЫҚБАЙ СМАҒҰЛОВ, қолөнерші, РФ:
– Омбыда осындай кәдесыйлар жасаймыз. Мынандай киіз үй бар. Салт-дәстүр сақталған. Балаларға мынандай қуыршақ та жасаймыз.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қалған азаматтарға сәлем айтыңыздар! Бүгінгі үлкен мереке құтты болсын!

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов халықаралық қолөнершілер фестиваліне ат терлетіп келген шеберлерге алғысын білдірді. Халықты айтулы мерекемен де құттықтады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Ұлы мереке! Солтүстікқазақстандықтарға жақсылық тілегім келеді. Елімізде тыныштық болсын! Жоспарларымыз орындалатын болсын!


Байболат Култанов