МТРА жаңалықтары

Халықаралық қолөнершілер фестивалі

Республика күніне орай Петропавлдағы ойын-сауық орталықтарының бірінде халықаралық қолөнершілер фестивалі өтуде. Саудаға жан-жақтан келген талант иелерінің туындылары шығарылған. Көрмедегі заттардың көптігінен көз сүрінеді, әрқайсысы өзінше ерекше. Әсіресе, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ сонадайдан көрінеді. Дастарханның сәнін келтірер дүниелер қайың ағашынан жасалған. Астауларды қарағандылық Ақжол Жұртыбай дайындайды.

АҚЖОЛ ЖҰРТЫБАЙ, ағаш шебері, Қарағанды қаласы:
– Бір астауды жасауға шамамен 4 сағаттай уақыт кетеді. Фестивальге 10 астау әкелдім. Сұраныста, тұрғындар жақсы алып жатыр. Астаудан бөлек, қымыз құятын ыдыс бар. Бағасы – 30-35 мың шамасында. тКішігірім тостағандар бар. Бағасы – 1300-1500 теңге. Өзімнің шеберханам бар. 1-2 адам қасымда еңбек етеді.

Алматы облысынан келген Нұргүл Дәлелқанқызы да ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жандардың бірі. Нәзікжанды денсаулыққа пайдалы заттарды жасауға әуес. Фестивальге қолдан тоқылған, жұмсақ аяқ киімдер алып келген. Сөзінше, аяқ киімнің бұл түрі – екі қабат әйелдер үшін таптырмас дүние.

НҰРГҮЛ ДӘЛЕЛҚАНҚЫЗЫ, қолөнерші, Алматы облысы:
– Өзіміздің отандық өнім. Таза қойдың, түйенің жүнінен, ешкінің түбітінен жасалған. Ою салып шықтық. Қазір бұл тауар шетелге де кетіп жатыр, тапсырыс түсуде. Денсаулыққа пайдалы екенін бәрі біледі. Және мынадай тақияларымыз бар. Өзіміз тіктік, басты терлетпейді.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Көздің жауын алатын мына сөмкелер қазір қыз-келіншектер арасында аса танымал. Мәселен, қолымдағысы қымбат моншақтармен көмкерілген. Қазақи нақыштағы ою-өрнек те бірден байқалады. Ерекше дүниені жасауға 15 күн кеткен екен.

Петропавлдағы фестивальге түрлі ұлт өкілдері қатысуда. Далер Шарифи облыс орталығына Тәжікстаннан келіпті. Азамат көрмеде өздерінің мәдениеттерін сипаттайтын заттарды паш етуде. Оның компаниясы 15 жыл бойы түрлі-түсті тастарды қайта өңдеумен айналысады. Бұйымдардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.

ДАЛЕР ШАРИФИ, «Асрори Санг», компаниясының өкілі, Душанбе қаласы, Тәжікстан Республикасы:
–  Біздің территориямыздың 93 пайызын таулар алып жатыр, барлық минералдар сол жерде өндіріледі. Жалпы, тасты қайта өңдеу ұзақ әрі күрделі процесс. Соған қарамастан, клиенттеріміздің көңілдерінен шығу үшін тастарды өзгертіп, түрлі дүниелерді жасап шығарамыз. Тұрғындардың көңілінен шығуда, келіп сатып алып жатқандардың қарасы қалың.

Ыдыс-аяқ, көз тартар әшекей-бұйым, көрпе-жастыққа дейін бар. Фестивальден қалағаныңның бәрін табуға болады. Қалалықтар саудаға шығарылған заттарды зор қызығушылықпен алуда.

БЛИЦ:
– Қыздарыммен келдім. Көп заттар сатылып жатыр, барлығы өте әдемі. Қыздарыма әшекейлер сатып алдым.
Бағалары қолжетімді.
– Біздің қаламызда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтіп жатқанына өте қуаныштымын.Ағаштан, керамикадан жасалған ерекше дүниелерді көріп таң қалдым. Өзімнің анама табиғи қой жүнінен жасалған аяқ киім сатып алдым.

Жалпы, халықаралық шараға 20-дан астам қолөнерші қатысып жатыр.


Алтынай Казиканова