МТРА жаңалықтары

“Ұлы даланың ұлтаралық тілі” республикалық форумы өтіп жатыр

 

Бүгін Петропавлда “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” республикалық форумы бастау алды. 3 күндік шараға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі этнос өкілдері келіп отыр. Олардың басым көпшілігі ана тілімізде еркін сөйлейді. Меймандар басты байлығымыздың құндылығына ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар, өз тәжірибелеріне сүйеніп, тілді қалай тез меңгеруге болатынын талқыға салды. Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары мұндай ауқымды форумның біздің өлкеде өтіп жатқаны зор мәртебе екенін атап өтті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Құрметті форумға қатысушылар, ана тілі – ұлттың жаны, Ата заңмен қорғалатын еркіндік үні. Оны келешек ұрпаққа жеткізу – ата-бабаларымыздан жеткен аманат. Тарихы терең туған тіліміздің мәртебесі арта берсін.

Қазақ тілі біздің баға жетпес байлығымыз екені айтпаса да түсінікті. Ұлттық мұрамызды сақтап, оның қолданыс ауқымын кеңейтуге ат салысу – әр азаматтың міндеті. Мұнымен Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских толықтай келіседі. Халық қалаулысы қазақи ортада өскен, өзі Қызылорда өңірінікі. Сәйкесінше, ана тілімізді бала кезінен жетік біледі.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Естеріңізде болса, 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: “Алдағы уақытта қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы тиіс”,-деп айтқан болатын. Біздің де басты мақсатымыз – Президенттің сөзін іске асыру. Біздің басты мақсатымыз – күллі қазақстандықтарды ана тілімізге бұрып, қазақ тілін кеңінен насихаттау.

Алматы облысынан келген Валентина Иванова қазақ тілін күнделікті өмірде достарымен тілдесу арқылы үйреніп алған. Нәзікжанды Абай, Мағжан, Сәкендер сөйлеген тілдің мәртебесін жоғарылатуды балалардан бастау керек дейді. Осы ретте ұл-қыздарға арналған туындылар жазатын авторларды алға тартуды ұсынды.

ВАЛЕНТИНА ИВАНОВА, ҚР Журналистер одағының мүшесі:
– 1 жылдан астам уақыт бойы балалар мерекелерін ұйымдастырып келемін. Ол үшін әдемі музыкалық сүйемелдеу, менталитемізге сай кейіпкерлер керек. Сол кезде бір проблемамен бетпе-бет келдім. Біз балалар туралы жазатын авторларды шығаруымыз керек. Өйткені, балалар – біздің болашағымыз.

Айта кету қажет, ел аумағында өзбек ұлтының 750 мыңнан астам өкілі қоныстанған. Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің “Дустлик” қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжановтың сөзінше, басым көпшілігі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.

ИКРАМ ХАШИМЖАНОВ, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің “Дустлик” қауымдастығының төрағасы:
–  Мемлекеттік тілді жақсы меңгерген балалар ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, республика бойынша беделді оқу орындарына түсуде. Өзбек пен қазақ тілінің арасындағы айырмашылық – 10-12 пайыз. Кім өзбек тілін жақсы білсе, қазақ тілін тез меңгере алады.

Қала қонақтары алдағы күндері облысымыздың мәдени-ағарту, тарихи нысандарын аралауды жоспарлап отыр.


Алтынай Казиканова