Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Масло-Дел” серіктестігі сүт өңдеуге арналған 3-ші желіні іске қоспақ

 

“Масло-Дел” серіктестігі Орталық Азиядағы ең ірі сүт өңдеу зауытына айналмақ. Бүгінде кәсіпорында сүт өңдеуге арналған 3-ші желінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Жұмыс барысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.

Кәсіпорында өткен жылы ғана 2 бірдей жаңа өндіріс желісі іске қосылған болатын. Ауқымды жобаны іске асыруға 4,5 млрд инвестиция бағытталған. Қомақты қаржыға сүт пен қаймақ өңдейтін швециялық қондырғы сатып алыныпты. Жаңа орында 85 адам жұмыспен қамтылды. Енді осы жылдың желтоқсанында 3-ші желі іске қосылуы тиіс.

 Павел Селиванов, “Масло-Дел” ЖШС бас директоры:
– 1,5 айдан соң сүт өңдеу желісін іске қоспақшымыз. Мұнда біз айран және соған ұқсас өнімдер мен пастерленген сүт өндіретін боламыз. Мұндай өндіріс түрі еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Мамандар техниканы тек басқарып отырады.

Павел Селивановтың сөзінше, жаңа желі іске қосылған кезде кәсіпорын тәулігіне 750 тоннаға дейін сүт өңдейді. Бұл көрсеткіш сүт зауытының Орталық Азиядағы ең қуатты өндіріс ошағына айналуына мүмкіндік береді деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қаламыздағы ең ірі сүт өңдейтін зауыттарында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Шаруаға 15 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. “Масло-Дел” серіктестігінің өзіне 3-ші желіні қосу үшін 5 млрд теңге бөлінді. Тәулігіне 750 тонна деген Орталық Азиядағы ең ірі зауыт болмақ. 06:32 3-ші желі іске қосылғаннан кейін 100 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ, “Масло-Дел” серіктестігінің май экстракциялау зауыты тұрғызылуда. Келешекте майлы дақыл өңдейтін заманауи өндіріс ошағының құрылысы қызу жүріп жатыр.

Нысан қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан өнеркәсіптік аймақтан орын тепті. Құрылыс жұмыстары өткен жылы бастау алған. Ірі кәсіпорын 11 блоктан тұрады.
Онда дән қабылдайтын, сақтайтын әрі экстракциялайтын бөлімдер болады.

Павел Селиванов, “Масло-Дел” ЖШС бас директоры:
– Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. 150-ден астам құрылысшы тартылған. Бүгінде шаруаның 30 пайызы тындырылды. Келесі жылдың соңына қарай зауытты іске қосып, сынақтан өткіземіз. Бұл өндіріс ошағы да Орталық Азиядағы ең ірі зауыт болмақ.

Жоспар бойынша кәсіпорын тәулігіне 1500 тонна рапс, зығыр мен күнбағыс майын өндірмек. Ал жылдық қуаттылық 400 мың тоннаға дейін жетеді деп топшыланып отыр. Шикізат өңірімізде жеткілікті. Соны барынша пайдалана білуіміз қажет деді өңір басшысы.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз үшін бұл маңызды жоба. Біздің өңірде майлы дақылдар жеткілікті көлемде егіледі. Осындай зауыттар арқылы барлық өнімді біз қайтадан өзімізде өндіруіміз қажет. Өндіріс ошағы келесі жылы іске қосылады деп жоспарланған. 200-ден аса жаңадан тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сөз соңында айта кетейік, ірі жобаны жүзеге асыруға 21 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.


Дана Ешкенова