МТРА жаңалықтары

Бағалы шаяндарды заңсыз ауламақ болғандар құрықталды

Мамалют ауданының полиция қызметкерлері Artemia salina шаяндарын заңсыз аулаудың жолын кесті. Оқиға Меңкесер көлінің маңында болған. Тәртіп сақшылары көлдің жанында тұрған «Toyota Camry» автокөлігіне жақындай келе күмәнді екі ер адамды байқайды. Темір тұлпардың жүксалығышын ашып қалған кезде мамандар Artemia salina шаяндарының цисталары бар қаптарды көреді. Аталған фактіге қатысты 30 жас шамасындағы 2 ер адам құрықталды.

МАРАТ МАЛҒАЖДАРОВ, СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы:
– Жағадан цисталарға салынған бір қап, автокөліктің жүксалғышынан екі қап табылды. Аталған факті ҚР ҚК 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Айта кетейік, мұндай бағалы шаяндар тұзды көлдерде мекендейді. Олар косметика және фармацевтика өндірісінде қолданылады. Қара нарықта оған деген сұраныс жоғары.

МАРАТ МАЛҒАЖДАРОВ, СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы:
– Сондай-ақ, 20 қазанда «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасының басталғаны туралы хабарлаймыз. Мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасы саласында қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жолын кесу. Рейдтік іс-шаралар мүдделі мемлекеттік органдардың табиғатты қорғау қызметтерімен күшейтілген режимде жүргізілетін болады.

Ұсталған екеу 3 мың АЕК-ге дейін айыппұл төлеуі мүмкін немесе 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы ықтимал.


Дана Ешкенова