МТРА жаңалықтары

Алимент төлемеушілерді жұмысқа орналастыру, жауапқа тарту

Солтүстікқазақстандық көкек ата-аналар мен тасжүрек балалар төлеуі тиіс алимент көлемі өткен жылдың басында бақандай 1,1 млрд теңгені құрапты. Облыстық прокуратура бұл бағытта тынбай жұмыс істеген. Нәтижесінде берешек мөлшері 80 пайызға азайған екен. Қазір өтелуі тиіс сома – 191,4 млн теңге. Қарызды толығымен жабу қажет. Ол үшін қадағалаушы орган өкілдері бірнеше әдісті пайдаланбақ ниетте. Алғашқысы – қылмыстық жауапкершілікке тартуды күшейту.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
–  Қылмыстық іс сот орындаушының ұсынысы бойынша қозғалады. Іс қозғайтын – полиция.

Жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ, полиция мен сот орындаушыларының арасындағы байланыс одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Осыны ескеріп прокуратура арнайы әдістеме әзірлепті. Оны қос тараптың мамандары қылмыстық істерді тергеу кезінде қолдана алады. Ведомствоаралық кеңесте алимент төлеушілерге қатысты бұдан өзге де мәселелер көтерілді. Біразын мінберден сөз алған облыс прокурорының көмекшісі Марат Қазиев тілге тиек етті.

МАРАТ ҚАЗИЕВ, СҚО прокурорының көмекшісі:
–  Полиция алимент төлеушілерді жөнді іздемейді. Биыл 60 борышкерге іздеу жарияланды. Олардың тек 12-сінің ғана тұрғылықты жері анықталды. Ал қалған 48-і әлі іздестіріліп жатыр.

Демек, полиция іске қарқын қосқан жөн. Тағы да сандарды сөйлетейік. Бүгінгі таңда өңірде 7 мыңға жуық борышкер бар. Олардың 100-ден астамы қасақана түрде алимент төлемейді екен. Басты себеп – жұмыстың жоқтығы.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
–  Облыста 126 адам қасақана түрде алимент төлемейді. Олардың жұмыстары жоқ. Осы мәселені ведомствоаралық кеңесте әкімдік өкілдерімен талқыладық.

Жиында Әбу-Әли Саттар кеңеске онлайн режимде қатысқан аудан өкілдеріне бұл мәселеге назар аударуды ұсынды. Қасақана алимент төлемейтіндерге қайта оралған жөн. Бүгінгі күнге дейін облыста жомарттықтан ат-тонын ала қашқан 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Қоса кетейік, қазір өңірде 9900-ге тарта бала мен 12 қарт ата-ана алимент алады


Байболат Култанов