МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен М.Жұмабаев ауданына барды

Бұл – Полудино ауылындағы балаларды қолдау орталығы. Аталған мекеменің биыл тозған шатыры жөнделді, ескі терезелері ауыстырылды, жылыту жүйесі жаңартылды. Ауқымды іске 87 млн теңге қаржы жұмсалған.

МЕРУЕРТ РАСҚҰЛОВА, қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы, М.Жұмабаев ауданы:
–  Жүрделі жөндеу жұмысы бізге ауадай керек болды. Төбеден су ағып, терезелерден суық үрлейтін.
1-55 Кішігірім жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын өткізілді. Ал осындай күрделі жөндеу жұмысы мекеме құрылғалы, яғни, 1965 жылдан бері бірінші рет жүргізіліпті.

Бүгін келбетіне сән кірген ғимаратта атқарылған жұмыспен М.Жұмабаев ауданына жасаған іссапары барысында Құмар Ақсақалов танысты. Өңір жетекшісі күрделі жөндеу жұмысының нәтижесін бағамдап, ұл-қыздармен тілдесті. Мекемеде балалар жан-жақты дамуына тиісті жағдай жасалған. Тәрбиеленушілер түрлі дебаттарға қатысады, облыстық байқауларға барады. Ән салып, би де билейді.

Орталықтағы балалардың 21-і биыл жаңа отбасы тапты. Төртеуі өзінің туған ата-анасына оралды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 5 жыл бұрын облысымызда мұндай балалардың саны 385 бала болса, бүгінгі күні 271 балаға дейін қысқарып отыр. Яғни, 106 балаға азайып отыр. Әрбір бала отбасы жылуын көруі керек. Бірнеше жыл бұрын өңірде 10-ға тарта балалар үйі болды. Қазіргі таңда облыста мұндай 4 мекеме бар.

Бұдан кейін Құмар Ақсақалов “Полудинское” серіктестігінің аумағында бой көтеріп жатқан тауарлы-сүт фермасына ат басын бұрды. Өндіріс ошағының құрылысы 2023-те толығымен аяқталмақ. Әзірге, кәсіпорын симментал және голштино-фриз тұқымды 600 басқа шақталып отыр. Бірақ, алдағы жоспар – ферманың ауқымын кеңейтіп, 1500 бас сиыр сауу. Жобаның жалпы сомасы – 3 млрд теңге.

МИРАХМЕД ГАСАНОВ, “Полудинское” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:
–  Жоспар бойынша қыс ішінде ферманың құрылысын аяқтамақпыз. 1-ші базды сиырларды қабылдауға дайындап қойдық. Қазіргі таңда тұяқтылар Челябіде. Олар ертең жеткізілмек. Фермада әзірге 27 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Ал Жастар ауылындағы “Қызылжар МТС Агро” серіктестігінің тауарлы-сүт фермасы жақында іске қосылып, өз жұмысын бастаған екен. Кәсіпорын өнімді голштино-фриз тұқымды сиырлардан алмақ. Қазіргі таңда мұнда 365 бас Зеңгі баба төлі бар.

АРМАН УАТАЕВ, “Қызылжар МТС Агро” ЖШС директоры:
– Сауу залындағы жұмыстар бітуге жақын. Қараша айында арнайы жабдықпен алғашқы сауын жүргізілмек. Желтоқсанда тағы 265 тұяқты жеткізілмек. Қазіргі таңда бұзаулаған 11 сиырдың әрқайсысынан күніне 25 литр сүт аламыз. Толық қуаттылыққа көшкен кезде көрсеткіш 35 литрді құрайды деп жоспарлап отырмыз.

Тауарлы-сүт фермасы арқылы қазір жергілікті ағайын да еңбекпен қамтылып отыр. Кәсіпорын толық қуаттылыққа көшкен кезде 70 адам екі қолға бір күрек таппақ. Жалпы, Жастар ауылы – М.Жұмабаев ауданындағы жыл санап дамып келе жатқан елді мекендердің бірі.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Келер жылы су өткізгіш құбырларды жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталмақ. Бүгінгі күні 4 шақырым жерге желі салынып, 12 құдық орнатылған. Ауылішілік жолдарды дұрыстауға 30 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда асфальт төсеу үшін 1,5 шақырым жерге қиыршық тас төселді. Көшелер толығымен жарықтандырылған. Ұялы байланысты жақсарту үшін “Қызылжар МТС Агро” серіктестігінің басшылығы мұнара орнатып берді. Ол келесі жылы іске қосылады.

Жастар ауылының тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін облыс әкімі келесі нысанға барды. Булаев-Октябрьское-Конюхово жолын жөндеу жұмысын “Көкшетау-Автодор” серіктестігінің мамандары өткен жылы бастаған. 1,6 млрд теңге бөлінген ауқымды шаруа келер жылы бітпек. Осы уақыт аралығында мердігер 34 шақырым жерге тақтайдай тегіс асфальт салуы тиіс. Учаскедегі шаруаны бағамдаған Құмар Ақсақалов өңір жолдарын жақсарту жоспарымен де бөлісті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  2026 жылға дейін облыс жолдарының барлық жолдары жақсаруы тиіс. Ол үшін қазір қыруар қаражат бөлінуде. Қазіргі таңда ауылшаруашылық тауарөндірушілер жолдарды барынша күтіп-ұстауы керек. Салынған жаңа жолдармен аса ауыр жүк көліктерінің жүруіне жол бермеу қажет. Қазір біз тұрған учаскеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұл трассамен 40 тонналық машиналар жүретін болса бір жылдың ішінде жолдың тас-талқаны шығады.

Мағжан Жұмабаев ауданына жасаған іссапары барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов қазыналы қарттармен де кездесті. Зейнеткерлер өңір жетекшісіне ауданның даму қарқынын баян етті.


Алдияр Айтпаев