МТРА жаңалықтары

Зағип жандар Жолдауды талқылады

Жолдаумен жақсылыққа келе жатырмыз. Саяси шара барысында ел Президенті жариялаған реформаларға Темірғали Төлебаевтың көңілі толықтай толып отыр. Мұны азамат зағиптар қоғамында өткен арнайы жиын барысында айтты. Ұйымға мүше зейнеткердің немерелерінің болашағына деген сенімі мол. Себебі, қыркүйектің 1-і күні Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастарға баса көңіл аудару керектігін айтты. Жастарға үлкен өмірге жол ашатын арнайы қор жайында да сөз қозғады.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді.

ТЕМІРҒАЛИ ТӨЛЕБАЕВ, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ филиалының мүшесі:
–  Менің 6 немерем бар. Мемлекеттен көмек болмаса олардың оқуы мен баспанасына ақшаны жинау қиындық тудырады. Оған алғысым шексіз. Жобамен жақсылыққа келеміз. Осы бағыттан таймау қажет.

Жолдау реформалары қаузалған жиынға Минвали Хайрулин де қатысып отыр. Азамат саяси шараны көгілдір экраннан тыңғылықты тыңдаған. Зейнеткерді зейнетақы төлемдерінің көтерілуі мен ел дамуының айқын жоспарының бары қуантып отыр.

МИНВАЛИ ХАЙРУЛИН, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ филиалының мүшесі:
– Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің бір жылдық даму жоспарын ғана емес бірнеше жылға арналған жүйелі реформаларды айтты. Мемлекеттің аға буын өкілдері мен зағип жандардың алдындағы әлеуметтік міндеті сақталмақ. Бұл біз үшін маңызды. Ал басқа бағыттардағы реформаларды әркез қолдаймыз. Президенттік сайлауға да белсенді қатысқалы отырмыз.

Жалпы, қазіргі таңда жергілікті зағиптар қоғамына 600 адам мүшелік етеді. Оның 300-і – аудан тұрғындары.


Алдияр Айтпаев