МТРА жаңалықтары

Жастарға арналған танымдық шара

Осы апта басталғалы «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде іс-шаралар легі жиіледі. Барлығы келе жатқан 25-ші қазан Республика күніне арналған. Бүгінгі шараның атауы – «Сан ғасырлық тарихы бар Қазақстан». Оған М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері мен Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Жанбота Амангелдиев – студент. Болашақ маман Республика күні – тарихи құндылығы бар мереке, оны қайта жаңғырту халық үшін аса маңызды деп санайды.

ЖАНБОТА АМАНГЕЛДИЕВ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті:
–  10 жылдан астам уақыт бойы бұл мереке аталып өтпеген. Ал осы жылдан бастап бұл қайтадан мерекелік күн болып есептеле басталды. Менің ойымша, жастар өзіміздің тарихымызды, тәуелсіздікке қалай жеткенімізді білулері тиіс.

Шара басында жастарға Абылай ханның Ресей елшісі генерал Урусовпен кездесуі туралы қойылым ұсынылды.

Жалпы, бұл шараның мақсаты – қазақ халқының тарихын насихаттау, мемлекетіміздің дамуына зор ықпал еткен Республика күнінің маңыздылығын бекіту, өскелең ұрпақ арасында патриотизмді дамыту. Ең қызығы соңында. Мұнда келушілерге арнайы викторина ұйымдастырылды. «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсия жүргізушісі Рахат Саматұлының айтуынша, бұл сұрақ-жауап ойыны ұл-қыздардың төл тарих туралы білімін арттыруға септеседі.

РАХАТ САМАТҰЛЫ, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:
–  Бұл шарамыз интерактивті болып табылады. Оған викториналық сұрақтарды таңдаған болатынбыз. Викториналық сұрақтарда Қазақстан тарихынан, салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар туралы сұрақтар кездеседі.

Ал ертең «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің мамандары есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында осыған ұқсас шара өткізеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай жиындар қазанның 25-іне дейін жалғаспақ.


Самал Жунусова