Спорт

Жас палуандар еске алу турнирінде күш сынасты

Республика күні қарсаңында Аққайың ауданындағы Ленинское ауылында ұлағатты ұстаз, білікті жаттықтырушы Руслан Өркешовті еске алуға арналған қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Руслан Сағдатұлы – қамшыдай қысқа ғұмырында талай жастың томағасын сыпырған азамат. Қайтыс болғанына биыл – 6 жыл.

ЕСЛӘМБЕК БЕКМУРЗИН, турнирдің бас төрешісі:
– Жақсы күресті. Соңғы жылдары Аққайың ауданындағы Ленин орта мектебінде еңбек етті. Ұлттық спорт мектебінде жаттықтырушы болып істеді. Тағдырдың жазуымен жарысқа бара жатқанда апатқа ұшырап, марқұм болды.

Жақсының аты өлмейді! Бүгін Руслан Өркешовтің әріптестері, ізбасарлары дәстүрге сай бақ пен бап сыналатын бозкілем маңына жиылды. Облыстық маңызға ие турнир 100-ден астам жастың басын қосты.

ЕСЛӘМБЕК БЕКМУРЗИН, турнирдің бас төрешісі:
– 120-ға тарта бала келді. 7 команда. Қаладан 4 команда келді. Қалғаны қазақ күресі бар аудандардан келді.

Балалардың көзінде от, ал бойларында жігер бар. Бірінен-бірі өтеді. Бозкілем сыртындағы палуандар да намысты. Күш сынасқан достарына жан ұшыра ақыл-кеңес беруде. Көпшілікке 42 келі салмақтағы мына қос жеткіншектің күресі ұнады. Кездесуде Мерей Шәріпов жеңіп тұрған. Алайда, қарсыласы “тоқта” деген пәрменге санаулы секундтар қалғанда есепті теңестіріп кетті.

Енді жеңімпаз “белдесуде” анықталмақ. Мұнда Мерей қарсыласын кілем сыртына дер кезінде шығарып, жеңіске жетті.

МЕРЕЙ ШӘРІПОВ, турнирге қатысушы:
–  Қарсыласым тіресіп жүрді. Әдіс жасай алмадым. Соңында сызықтан шығарап, жеңіске жеттім. Турнирде жеңіске жеткім келеді.

Бұл күні бозкілемге Мұхит Тұрсынов, Алтынбек Аусағитов сынды шын шеберлер де шықты. “Qazaqstan Barysy” турнирінің жеңімпазы мен қатысушысы жастарға әдіс-тәсілдерді көрсетті.

Жастар белді палуандардың айтқанын мұқият тыңдап, көрсеткендерін көз алмай қарап тұр. Телефонға түсіріп жатқандар да баршылық. Алтынбек Аусағитов Руслан Өркешовті бала күнінен білетінін айтады.

АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, “Qazaqstan Barysy” республикалық турнирінің қатысушысы:
– Ол кісі төреші, жаттықтырушы болды. Жарыс жақсы өтіп жатыр. Бала кезде осындай жарыстарға көп қатыстық. Мықтылар жеңіске жетсін.

Турнир 2 күнге созылды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатқа ие болды. Сонымен қатар, көзге түскен үздіктердің аты-жөні төрешілердің қойын дәптеріне жазылды. Алдағы уақытта олар өңір намысын ірі додаларда қорғамақ.


Байболат Култанов