МТРА жаңалықтары

Ұлттық ономастика – ел айнасы

Ұлттық ономастика – ел айнасы. Бүгін дәл осындай атаумен Достық үйінде
облыстық байқау өтті. Сайыс Республика күніне орайластырылды.

Мұндай байқау өңірімізде 3-ші рет өткізілуде. Дәстүрге айналған сайыстың мақсаты – ономастика саласындағы жұмысты саралау және осы бағыттағы шаруаны одан әрі жандандыру. Конкурста ономастика мәселесімен айналысатын мамандардан құралған 3 команда бақ сынауда. Байқау 5 кезеңнен тұрады.

Фарида Тұяқова, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:
– Ономастика саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – тоталитарлық сипаттағы ескірген елді мекендердегі көшелердің атауларын жаңарту.  Соңғы 3 жылда бізде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. 400-ге жуық көшенің атауы өзгерді. Елді мекендердің атауы ауыстырылды. Бүгінгі байқауда мамандар өздерінің жұмыстарын слайд арқылы көрсетеді. Яғни қай ауданда қанша көшенің атауы өзгертілді деген сияқты.

Сөз соңында айта кетейік, биыл облыстық ономастика комиссиясында аудандардағы 33 көшені қайта атау туралы ұсыныс қаралды. Жиында Шал ақын ауданында – 12, Айыртауда – 3-еу және Аққайың ауданында 4 көшенің атауын өзгерту туралы шешім қабылданған.


Дана Ешкенова