МТРА жаңалықтары

Тұрақтандыру қоры қысқа қамдануда

 

Сәбіз, картоп, қырыққабат пен пияз. Петропавлдағы бағаны тұрақтандыру қоры солтүстікқазақстандықтарды бірінші қажеттіліктегі азық-түлікпен қамту үшін тиісті көлемде көкөніс сатып алуда. Дәл қазір “Радуга” серіктестігіне тиесілі қоймаға 400 тонна орамжапырақ кіргізіліп жатыр. Өнім Мамлют ауданындағы “Агрос” шаруа қожалығынан сатып алынды. Биыл қос ұйым арасындағы әріптестікке 3 жыл екен.

СЕРГЕЙ БЫЧКОВ, “Агрос” шаруа қожалығының директоры, Мамлют ауданы:
– Қормен әріптестік орнатқан алғашқы жылы қоймаға 200 тонна қырыққабат жеткіздім. Биыл 2 есе көп өнім әкеліп отырмын. Өсіргенім -голландиялық орамжапырақ. Ол көпке дейін бүлінбейді. Мен қырыққабаттан бөлек, пияз, картоп пен сәбіз өсіремін. Алдағы уақытта олардың да жүздеген тоннасын осы жерге өткіземін.

Осы ретте айта кетейік, қор қожалықтан 1 келі қырыққабатты 80 теңгеден сатып алуда. Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры
Роза Тастанбекованың сөзінше, өнім келесі айдан бастап сауда орындарының сөрелеріне қойылады. Ондағы максималды көтерме баға 15 пайызды құрамақ.

РОЗА ТАСТАНБЕКОВА, тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
– Қоймаға жақында “Агрос” шаруа қожалығы 300 тоннадай сәбіз бен 500 тонна картоп жеткізеді. Жақында Тайыншадағы “Астық-STEM” серіктестігінен 200 тонна сәбіз алдық. “Зенченко и К” командиттік серіктестігі де 500 тонна картоп өткізді. Сонымен қатар, біз 450 тонна пиязды
оңтүстіктен тапсырыспен алғызамыз. Қордағы көкөніс көлемі келесі жылдың жазына дейін жетеді.

Өткен жылы тұрақтандыру қоры сатып алған картоп пен сәбіз ағымдағы жылдың шілде айына дейін жетіпті. Ал пияз бен қырыққабат сәуірге
дейін саудаланған. Өңір тұрғындары қолжетімді бағадағы өнімдерді қаламыздағы супермаркеттер мен базарлардан таба алады.


Дана Ешкенова