МТРА жаңалықтары

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Егемен ел тарихы” көрмесі ашылды

 

«Егемен ел тарихы». Облыстық тарихи-өлкетану музейінде осындай атаумен Республика күніне орай көрме ашылды. Көрмені алғашқылардың бірі болып медициналық колледж студенттері тамашалады. Жастар тәуелсіздік жылдарында жазылған заң, жарлық, тарихи фотосуреттермен танысты.

ЕРКЕБҰЛАН АХМЕТЖАНҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі;
–  1991 жылғы 16 желтоқсан. Ел тәуелсіздігін жариялау туралы құжаттың көшірме нұсқасы. ҚР мемлекеттік қарулы күштерін құру, оның мемлекеттік нышандарын қабылдау. ҚР Президенті жарлықтарының көшірме нұсқасы қойылған. Музейге келген қонақтарға осы тақырыпта түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Бірі білсе, бірі білмес, 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – Декларация қабылданды. Ол еліміздің шынайы тәуелсіздікке қарай құқықтық бастамасы болды. Яғни, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға деген нық қадам жасалды. Тағы айта кеткен жөн, Декларация қағидаттары негізінде Конституциялық заң қабылданды.

Елдің өткені мен бүгіні. Ел дамуына зор еңбек сіңірген тұлғалар. Сан салада жетістікке жеткен жандар. Саяси қайраткерлер, ғалым-дәрігерлер, ұстаздар, спортшылар – кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар жайлы дерек мол мұнда.
Сәбина Әбілкинаны спорт туралы бұрыш қызықтырып отыр. Денсаулық кепілі спорт екенін жақсы білетін болашақ ақхалатты солтүстікқазақстандық велошабандоз Александр Винокуровтың 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атануы ел үшін мақтан тұтарлық сәттердің бірі болды дейді.

СӘБИНА ӘБІЛКИНА, студент
– Қазақстан Республикасы күні біздің елімізде ең маңызды мереке болып саналады. Осындай тақырыптар біздің сынып сағатымызда да өтеді. Маған көрмеде спорт жайлы тыңдаған қызық болды. Себебі, біздің Қазақстанымызда бірінші орын алып жүрген спортшылар бар.

«Егемен ел тарихы» көрмесі қараша айының соңына дейін жалғасады.


Гульден Симбаева