МТРА жаңалықтары

“Үздік ілеспе аудармашы” байқауы

Петропавлда “Үздік ілеспе аудармашы” байқауының облыстық кезеңі өтті.

Өңірімізде мұндай сайыс алғаш рет ұйымдастырылуда. Жуырда бұл байқаудың ауданаралық кезеңі өткен болатын. Сол кезде әр ауданнан бір жеңімпаз анықталды. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 11 қатысушы облыстық деңгейде бақтарын сынамақ. Араларында Шал ақын ауданынан келген Нұрикамал Мушраунова да бар. Нәзікжанды – 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби аудармашы. Бүгінде ол жер қатынастары бөлімінде еңбек етіп, маңызды құжаттарды орыс тілінен мемлекеттік тілге аударады.

НҰРИКАМАЛ МУШРАУНОВА, Шал ақын аудандық жер қатынастары бөлімінің аудармашысы:
– Бүгінгі таңда қазақ тілі бірінші орынға қойылып отыр. Оны келіп түскен кіріс қағаздарынан да байқауға болады. Қазақ тіліне қойылған талап өте жоғары. Бүгін облыстық “Үздік ілеспе аудармашы” байқауына келіп отырмын. Бұл сайысты ұйымдастырып отырған жандарға көп рахмет. Бірге сынға түскен әріптестерімнен де біраз тәжірибе жинақтап алдық.

Жалпы, “Үздік ілеспе аудармашы” байқауы 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі “Терминдер әлемі” деп аталады. Бұл кезеңде қатысушылардың мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді білу деңгейі тексерілді.

 НӘЗИРА БИМАҚОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:
– 2-ші кезең – “Ілеспе аударма шебері”. Онда мамандар мәтінді қазақ тілінен орыс тіліне аударулары қажет. 3-ші кезең – “Үздік аударма”. Онда керісінше мәтінді орыс тілінен қазақ тіліне аудару қажет.

Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табысталады.