МТРА жаңалықтары

Өңірде интернет алаяқтық тиылып келеді

Өңірде интернет алаяқтық тиылып келеді. Полицейлердің айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі айлакерлердің құрығына ілінетіндер азайған. Бірақ, сан соққандар баршылық. Арта қалған 9 ай ішінде 524 солтүстікқазақстандық алданыпты. Жерлестеріміздің 164-і “Банктен соғылған қоңырау” тәсілі бойынша барынан айрылған.

ДАНИЯР ҒАЛИАҚПАРОВ, қалалық ПБ екінші бөлім бастығының орынбасары:
–  Телефон арқылы өзіңіздің жеке деректеріңізді, куәлік пен банк карталарының нөмірін айтпаңыз. Көп жағдайда интернет алаяқтар өздерін банктегі қауіпсіздік қызметінің маманы немесе полиция қызметкері ретінде таныстырады.

Енді интернет алаяқтықтың ең жиі кездесетін тәсілі туралы айтайық. Кейбір айлакерлер жоқ нәрсені әлеуметтік желі арқылы саудаға шығарып,
тұрғындардан бастапқы жарна сұрайды. Бұған иланып, ақша жіберетіндер бар. Жыл басынан бері өңірімізде мұндай 244 жағдай тіркеліпті.

ДАНИЯР ҒАЛИАҚПАРОВ, қалалық ПБ екінші бөлім бастығының орынбасары:
–  Тегін сайттарда алаяқтар түрлі заттарды саудалайды. Мұндай сауда кезінде алдын ала төлем жасауға мүлде болмайды. Сондай-ақ, жеке деректерді де айтпаған жөн.

Мамандар интернетте тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Нәтиже бар. Бүгінгі күнге дейін алаяқтардан жолданған 326 фейк-сілтеме анықталған және 205 жалған хабарландыру бұғатталған.


Алдияр Айтпаев