Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қағаз өнімдерін шығаратын фабрика іске қосылды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Үстіміздегі жылдың басында елімізде А4 форматындағы мынандай қағаз таптырмады. Естеріңізде шығар? Дәрігерлер, мұғалімдер, кеңсе қызметкерлері, өзге де мамандар таппай, біраз қиналды. Тапқанның өзінде қалтадан қыруар қаржы шығаруға тура келді. Енді бұл мәселе аққайыңдар өлкесінде шешіледі деп сеніммен айта аламыз. Петропавлда қағаз фабрикасы өз жұмысын бастады.

Өндіріс ошағы 30 жылдық тарихы бар “Радуга” серіктестігіне қарайды. Заманауи кәсіпорынмен танысу үшін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бастаған топ арнайы келіп отыр. Экскурсияны компанияның бас директоры Дмитрий Шарапаев жүргізді. Ол әр қондырғыға, әр өнімге жеке-жеке тоқталды.

Осылай іс жалғаса береді. Нысан ішіндегі соңғы үлгідегі қондырғылар целлюлозаны, макулатураны, тіпті, қайта өңделетін заттарды да пайдаға жаратады. Нәтижесінде 20-дан астам мынандай тауар түрі шығарылады. Ал фабриканың жылдық қуаттылығы 6 мың тоннаны құрайды. Жобаға аймақ басшысы оң бағасын берді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бүгін облыс экономикасы үшін жаңа бағыт ашылып отыр. 2,5 млрд теңге инвестиция тартылды. 80 жаңа әрі тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл фабрика жылына 200 млн теңгеге дейін салық төлейтін болады. Фабрика ел импортын 16 пайызға қысқартатынын да айтуымыз қажет.

Өзімізде жасалғасын өнім бағасы да төмен. Мысалы, жаңағы А4 форматындағы қарапайым қағаздың бір бумасы 2200 теңге тұрады. Тауар құнына бірнеше фактор оң әсерін тигізіп отыр. Соның бірі – мұржадан будақтаған бу.

ДМИТРИЙ ШАРАПАЕВ, «Радуга» ЖШС бас директоры:
– Біз Петропавл 2-жылу электр орталығының буын пайдаға жарататын жалғыз кәсіпорынбыз. Қағаз өнімдері өндірісінде бу ауадай қажет. Осыны ескеріп, орталыққа қосылдық.

Фабрика шығаратын қағаз өнімдерінің басым бөлігі ішкі нарықта сатылады. Қалғаны Ресейге саудаланбақ. Жоспар жайлы да айтылды. Болашақта кәсіпорын аумағында тағы бір нысан бой көтермек. Онда картон жасау көзделіп отыр. Ал одан кейін өндірістің тағы бір түрі қолға алынады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 25 жылға қарай елімізде полиэтилен пайдалану көрсеткіші едәуір төмендейтін болады. Біз дамыған елдердегі сияқты қағаздан жасалған өнімдерді пайдаланатын боламыз. Фабрика осы бағытта да жұмыс істейтін болады.

Тілшілерге берген сұхбатында облыс әкімі жыл соңына дейін аймақта жүзеге асырылатын жобаларды жіпке тізді. Олардың дені ауыл шаруашылығында іске аспақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Жылдың басында бекітілген 8 тауарлы-сүт фермасы ашылатын болады. Құс фабрикалары, бордақылау алаңдары бар. Сонымен қатар, қалада осындай бірнеше нысан ашылады.

Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, жалақы, сонымен қатар, өңірді көпшілікке танытатын сапалы тауар қатары көбейеді.


Байболат Култанов