МТРА жаңалықтары

Өңірде Республика күні кең көлемде аталып өтілмек

Өңірде Республика күні кең көлемде аталып өтілмек. Шаһарда 3 күн бойы түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр.
25 қазан – еліміз үшін тарихи маңызды күн. Себебі, 1990 жылы дәл осы күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл ата-бабамыз 70 жыл бойы армандаған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болды. Естеріңізде болса, бұл мейрам елімізде 2009 жылға дейін аталып өтіліп келді. Алайда, кейін мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған болатын. 13 жыл бойы аталмай келген Республика күні биыл ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта енгізілді. Енді биылдан бастап әр өңірде айтулы мереке кең көлемде тойланбақ.

Досбол Әбдірейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– «Абылайхан резиденциясы» мұражай кешенінде «Тәуелсіздік – бабалардың ұраны» көрмесі ұйымдастырылады. С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «My Republic of Kazakhstan» тақырыбында ақпараттық сағат өтеді. Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында «Республикамның күні» көрмесі өтеді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві «Егемен қазақ елі» дөңгелек үстелін өткізеді.

Сонымен қатар, Республика күнін мерекелеу аясында облыстық мәдениет мекемелері, атап айтқанда кітапханалар, мұражайлар, театрлар мен филармония ұжымдары тақырыптық іс-шаралармен аудандарға шығуды жоспарлауда. Тағы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өңіріміздің түрлі этнос өкілдері арасында патриоттық іс-шаралар, «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» тақырыбы аясында жастарды тарта отыра жаппай экологиялық акциялар өткізіледі.

Досбол Әбдірейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– Облыс орталығында қазаннның 22-сі күні Оқушылар сарайында мемлекеттік наградаларды табыстаумен және «Төл тарихымызға тағзым» мерекелік концертімен салтанатты іс-шара өткізіледі. Сондай-ақ, осы күні ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Сонымен қатар, «Qyzyljar-шеберлер мекені» халықаралық қолөнершілер фестивалі өткізіледі. Фестивальдің ашылуы қазанның 23-і күні «Dostyq mall» сауда-ойын-сауық орталығында өтеді. Қазанның 24-25-і қолөнершілер фестивалі Орталық алаңда жалғасады.

Қазанның 24-і күні орталық алаңда Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері жұртшылыққа өз өнерлерін паш ететін болады.
Ал келесі күні отандық эстрада жұлдыздары «Ninety One» тобының қатысуымен өтетін «Қыран елім – Қазақстаным!» мерекелік концерті ұйымдастырылады.


Дана Ешкенова